24 желтоқсанда Астанадағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында киберқауіпсіздік саласындағы отандық шешімдердің республикалық көрмесі - Qazaq CyberKórme 2026 өтеді. Іс-шара бағдарламасы әзірлемелер көрмесін, панельдік сессияларды, стартаптардың таныстырылымын және Securithon хакатонын біріктіреді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Қатысуға қазақстандық IT-компаниялар мен киберқауіпсіздік саласындағы шешімдерді әзірлеушілер, стартаптар, зерттеу топтары, студенттер мен жас мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері шақырылады. Әзірлеме авторлары өз өнімдері мен зерттеу нәтижелерін әлеуетті тапсырыс берушілер мен серіктестерге таныстырып, пилоттық енгізу және одан әрі ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылай алады.
Көрмеде бес бағыт ұсынылады: мемлекет пен азаматтарды қорғау, инфрақұрылым мен бұлтты сервистер қауіпсіздігі, жасанды интеллект және мониторинг, өнеркәсіп пен байланысты қорғау, криптография және цифрлық тергеулер, - делінген хабарламада.
Стартаптар мен ғылыми топтар үшін арнайы формат - стартап-питч қарастырылған. Сараптамалық комиссия назарына негізделген идеядан бастап дайын шешімге дейінгі әртүрлі дайындық кезеңіндегі жобаларды ұсынуға болады. Өтінім беру үшін компанияны тіркеу, сатылымдардың немесе патенттің болуы міндетті емес.
Панельдік сессиялар аясында сарапшылар отандық шешімдерге деген сенім, киберқауіпсіздікте жасанды интеллектіні қолдану және деректерді қорғаудағы мемлекет, бизнес пен азаматтардың жауапкершілігі мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар «Зияткерлік киберқорғаныс: инфрақұрылымнан ЖИ-агенттерге дейін» тақырыбында Securithon хакатоны өтеді. Қатысушылар жұмыс істейтін прототиптерді әзірлеп, оларды қазылар алқасының алдында қорғауы тиіс.
Іс-шараны ұйымдастырушылар - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, «Мемлекеттік техникалық қызмет», Цифрлық үкіметті қолдау орталығы және Astana Hub.
Барлық форматтарға қатысу тегін. Іс-шараның ресми сайтында көрме стендіне, стартап-питчке немесе хакатонға өтінім беруге, қонақ ретінде тіркелуге және БАҚ аккредитациясынан өтуге болады.
Өтетін орны: Астана қаласы, alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы.
Күні мен уақыты: 24 желтоқсан, сағат 09:45-18:00. Тіркеу сағат 09:00-де басталады.
Еске салсақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Tech Hub орталығы Қазақстан жастарының қаржылық, цифрлық және технологиялық сауаттылығын дамытуға бағытталған FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды.