Header Banner

Медицинада жасанды интеллектті қолдануға қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі

Медицинада жасанды интеллектті қолдануға қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ауруханалар мен емханаларға бару кезінде қағазбастылықты азайтып, медицинада жасанды интеллектіні қолдануға қойылатын бірыңғай талапты белгілеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай депутаттарына денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобасында азаматтардың электронды сервистер арқылы денсаулығы туралы ақпарат алу құқығын бекіту, сондай-ақ медициналық араласуға ақпараттандырылған келісімді цифрлық форматта рәсімдеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Сонымен қатар пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ескере отырып, медицинада жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін қағидалар енгізу көзделген. Бұл ретте жасанды интеллект дәрігерлердің жұмысына көмекші құрал ретінде пайдаланылып, диагноз қою және ем тағайындау туралы шешім қабылдау құқығы медицина маманының өзінде қалады.

«Заң жобасында медицина қызметкерінің цифрлық жүйелерге енгізілетін мәліметтің дұрыстығына жауапкершілігін бекіту, медициналық дербес деректі қорғауды күшейту және құқық бұзушылықтың алдын алу тетігін жетілдіру ұсынылады. Ұсынылып отырған өзгерістер цифрлық медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, қағазбастылықты азайтуға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және қазақстандықтар үшін медициналық көмек алу жағдайларын неғұрлым қолайлы етуге бағытталған», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.