28 қарашада Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңі басталады. Elordainfo.kz тілшісі жарыстың ерекшелігіне, ұлттық құраманың әлеуетіне және жүлдеге үміткер боксшылардың мүмкіндігіне шолу жасады.
Қандай ерекшелігі бар?
Әлем кубогының финалына әр салмақтан тек 8 боксшы ғана қатыса алады. Cондықтан 2026 жылы Бразилия (50 мемлекет) және Қытай (40 мемлекет) елінде өткен Әлем кубогының кезеңімен салыстырар болсақ, елдердің саны аз болады. Жарыс қожайыны Өзбекстан қазіргі сәтте 31 елден 150-ге жуық боксшы тіркелгенін мәлімдеді.
Қай елдер қатысады?
Қазақстан, Өзбекстан, Армения, Аустралия, Әзербайжан, Бельгия, Канада, Қытай, Англия, Испания, Финляндия, Германия, Гана, Индонезия, Иран, Италия, Жапония, Қырғызстан, Мексика, Норвегия, Филиппин, Польша, Ресей, Сьерра-Леоне, Сербия, Словакия, Тайланд, Түрікменстан, Тайпей, Тувалу, Венесуэла.
Әлем кубогының финалына Қазақстан қандай құрамын қосады?
31 елдің былғары қолғап шеберлері бас қосатын беделді додада Қазақстан атынан 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) шаршы алаңға шығады.
Бұл жолы ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары жарысқа қатыспайды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Азия чемпионаты мен Азия ойындары секілді маңызды жарыстарға қатысқан боксшыларға келесі маусымға дейін тынығуға мүмкіндік беріліп отыр. Екіншіден, ұлттық құрама бапкерлері 2025 жылы да Әлем кубогының финалында екінші және үшінші нөмірлі боксшыларға мүмкіндік берген болатын.
Былтыр Үндістанда 18 елдің қатысуымен ұйымдастырылған Әлем кубогының финалында 85 келідегі Сұлтанбек Айбарұлы топ жарса, 75 келідегі Нұрбек Мурсал күміс жүлдеге ие болды. Тағы алты отандасымыз қола жүлде еншіледі.
30 қазан – 6 қараша аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша, Ташкенттегі додаға төрт ел чемпионы, төрт күміс және үш қола жүлдегер аттанады.
Ерлер құрамасы:
50 келі. Даниял Сәбит (Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері)
Отандасымыз биыл Бразилияда өткен Әлем кубогының ширек финалына дейін жетіп, Иссам Бенсайярға (Марокко) жол берген.
70 келі. Фарух Тоқтасынов (Қазақстан чемпионы)
Жерлесіміз Бразилиядағы Әлем кубогында басты сенсациялардың бірін тіркеп, 1/8 финалда әлем чемпионы Севон Окадзаваны (Жапония) жеңіп кеткен еді. Алайда ширек финалда Наби Искандаровқа (Әзербайжан) есе жіберді.
75 келі. Аман Қонысбеков (Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері)
2025 жылы Үндістандағы Әлем кубогының финалына қатысқан. Биыл U23 санатындағы Азия чемпионы атағына қол жеткізді.
80 келі. Өнер Сейілхан (Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері)
Жастар арасында әлем чемпионы саналатын отандасымызға ересектер санатындағы ел додасынан кейін, Әлем кубогына дебют жасауға мүмкіндік берілді. Биыл ол Джакартадағы U23 Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді.
85 келі. Сұлтанбек Айбарұлы (Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері)
Ұлттық құрамада Әлем кубогында 2 мәрте топ жарған санаулы спортшылардың бірі. Былтыр Үндістанда алғаш рет алтын жүлдені алса, биыл Бразилияда да ешкімге мүмкіндік бермеді.
90 келі. Дәулет Төлемісов (Қазақстан чемпионы)
2025 жылы отандасымыз 85 келіде Бразилиядағы Әлем кубогында топ жарып, көпшілікке танылған болатын. Одан кейін 2025 жылы әлем чемпионаты және биыл Бразилиядағы Әлем кубогына қатысты.
Әйелдер құрамасы:
57 келі. Карина Ибрагимова (Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері)
Әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері саналатын Карина Ибрагимова 2025 жылғы Қазақстан чемпионатынан кейін, біршама уақыт үзіліс алған еді. Енді биылғы ел додасынан соң, Әлем кубогында дебют жасайды.
70 келі. Бақыт Сейдіш (Қазақстан чемпионы)
Боксшымыз биыл Азия чемпионатының күміс жүлдесіне иелік еткен еді. Енді Әлем кубогында дебют жасайды.
75 келі. Шұғыла Нәлібай (Қазақстан чемпионы)
23 жастағы отандасымыз үшін 2026 жыл өте табысты өтті десек болады. Ол шілде айында U23 санатында Азия чемпионы атанса, осы айда алғаш рет Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. Енді Әлем кубогында дебют жасайды.
80 келі. Валерия Аксенова (Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері)
Отандасымыз көктемде Бразилияда өткен Әлем кубогының чемпионы атанды. Ол маусым айында Қытайда өткен Әлем кубогына да қатысып, Франция өкілі Давина Мичелге жол берді.
80 келіден жоғары: Дина Исламбекова (Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері)
Отандасымыз биыл Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Сондай-ақ маусым айында Қытайдағы Әлем кубогында өзіне жақсы таныс Олтиной Сотимбоевамен (Өзбекстан) жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жол берді.
Айта кетейік, Әлем кубогының қорытындысы бойынша, чемпионға – 300 ұпай, күміс жүлдегерге – 200 ұпай, қола жүлдегерге – 150 ұпай беріледі.