Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz парламенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық көрсетілетін қызметтерді дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған
Түзетулер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісімдерді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын құқықтық реттеудің аражігін ажыратуды, сондай-ақ оларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіруді көздейді.
Сонымен қатар отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мақсатында медициналық туризмді дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.
Заң жобасымен алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдары енгізіледі. Бұл салада клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туроператорлар, турагенттер және сақтандыру компаниялары қызмет етеді. Медициналық ұйымдарға пациенттерді сүйемелдеу қызметтерін құру мүмкіндігі беріледі.
Еске сала кетсек, Құрылтай бірінші оқылымда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі екі заң жобасын мақұлдады.