Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 6 аудандағы филиалдарында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алаяқтық және одан қорғану жолдарына арналған ақпараттық-түсіндіру дәрістері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Нұра ауданындағы бөлімде өткен құқықтық дәрісті заңгер Гүлайым Мирзабекова жүргізсе, Алуа Амангелдина іс-шараның модераторы болды.
Дәріске Есіл мен Нұра аудандарының 30-дан астам зейнеткері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді әрекеттерді анықтау жолдары және телефон қоңыраулары мен интернетті пайдалану кезінде сақтық шаралары туралы ақпарат алды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жеке тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, өздері немесе жақындары тап болған жағдайларды талқылап, алаяқтардың арбауына түспеу жолдары жөнінде пікір алмасты.
«Мұндай кездесулер аға буын өкілдерінің құқықтық сауатын арттыруға зор ықпал етеді. Алаяқтың алдын алуға бағытталған дәрістерді қараша айында барлық ауданда өткіздік. Құқықтық дәрістер ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және алаяқтық әрекеттерден қорғану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды», – деп пікір білдірді Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Қалелқызы.
Еске салсақ, Астанада су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

