Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Қайырбек Тұрсумбаев оммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спикердің айтуынша, елорда су айдындарында мұздың қата бастауына байланысты Астана қаласының ТЖД жұқа мұз үстінде болуы мүмкін жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қазір қаладағы су айдындарының маңына 270 ескерту белгісі орнатылған. Қосымша белгілерді орнату жалғасуда. Су айдындарындағы ахуалды тәулік бойы бақылау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 152 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек, су айдындарының жағалауында жаяу патрульдеу ұйымдастырылған. Президенттік саябақ пен коммуналдық жағажай аумағындағы құтқару бекеттерінде құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен, балық инспекциясымен және еріктілермен бірлесіп, апта сайын профилактикалық рейд өткізіледі. Рейд барысында балықшылар мен тұрғындарға мұз үстінде жүру кезіндегі қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылады.
Профилактикалық іс-шаралар мектептер мен қоғамдық орындарды қамтыды
«Мұз» республикалық акциясы аясында су айдындарына жақын орналасқан адам көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмысы күшейтілді. Елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрларда қауіпсіздік ережелері туралы бейнематериалдар көрсетілуде. Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасымен бірлесіп, елорданың барлық мектебінде профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Оның басты мақсаты – балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және жұқа мұз үстіне шығудың қауіпті екенін түсіндіру.
Мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптары
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, бір адамның мұз үстінде қауіпсіз жүруі үшін оның қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы қажет. Ал бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде мұздың қалыңдығы кемінде 25 сантиметр болуы тиіс. Қысқы балық аулауды ұнататын азаматтар да қауіпсіздік талабын қатаң сақтауы керек. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болған жағдайда балық аулауға шыққандардың жанында жеке құтқару құралы болуы міндетті. Олардың қатарына құтқару кеудешесі, ысқырық, мұздан шығуға арналған арнайы сүймендер, диаметрі кемінде 11 миллиметр және ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, сондай-ақ су өткізбейтін қаптамадағы ұялы телефон жатады.
Мұз қату және еру кезеңінде, қараңғы уақытта, сондай-ақ көріну деңгейі төмен болған жағдайда су айдындарының мұз бетіне шығуға тыйым салынады.
Қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға айыппұл салынады
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидасын бұзғаны немесе орындамағаны үшін оларды сақтауға міндетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жұқа әрі толық қатпаған мұз үстіне шықпауға, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және ескерту белгісіне назар аударуға шақырады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.