Header Banner

Елордалық студенттер отбасындағы тең құқық пен жауапкершілікті талқылады

Бүгін, 15:22
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордалық студенттер отбасындағы тең құқық пен жауапкершілікті талқылады
Фото: ұйымдастырушылар

24 қараша күні «Томирис» медициналық колледжінде «Гендерлік теңдік отбасынан басталады» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында отбасындағы гендерлік теңдік қағидаттарын насихаттау, өзара құрмет пен ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайту.

Семинарда спикер ретінде Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылымының депутаты Мадина Әжікенова сөз сөйледі.

Кездесу барысында отбасылық міндеттерді әділ бөлу, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың тең жауапкершілігі, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық пен қолдау мәселелері қарастырылды.

Ерекше назар қоғамда қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардың отбасылық қарым-қатынастарға әсеріне, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және өзара түсіністікке негізделген отбасылық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға аударылды.

Қатысушылар отбасындағы теңдік, ортақ жауапкершілік және отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Семинар жастар арасында жауапкершілік, өзара құрмет және отбасындағы тең құқықтар мен мүмкіндіктер қағидаттарын қалыптастыруға бағытталды.