Header Banner

Индира Нұрлан: Президент Жолдауында отандық бизнеске жағдай қалыптастыру негіздерін айтты

Индира Нұрлан: Президент Жолдауында отандық бизнеске жағдай қалыптастыру негіздерін айтты
Фото: Индира Нұрланның жеке архивінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында отандық бизнесті қолдау, өндірісті ұзақмерзімді қаржыландыру, салық саясатын жетілдіру және жергілікті кәсіпорындардың ірі жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне назар аударылды. Ол бастамалар кәсіпкерліктің дамуына және ұлттық экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруға негіз болады. Бұл туралы кәсіпкер, өнеркәсіп саясаты және импортты алмастыру жөніндегі сарапшы Индира Нұрлан пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Сарапшының айтуынша, кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін бизнеске түсетін әкімшілік және салықтық жүктемені оңтайландырып қана қоймай, заңнамалық талаптардың болжамдылығын қамтамасыз ету маңызды.

«Кәсіпкерлер үшін ең маңызды мәселелердің бірі – тұрақты әрі болжамды жұмыс жағдайының болуы. Мемлекет басшысы Жолдауда салық заңнамасындағы бизнеске артық жүктеме тудыратын нормаларды түзету қажеттігін атап өтті. Бұл – кәсіпорындардың ұзақмерзімді жоспар құруына тікелей әсер ететін мәселе.

Кез келген кәсіпорын жабдық сатып алу, өндірісті кеңейту немесе жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау сияқты шешімдерді алдын ала жоспарлайды. Мұндай қадамдар белгілі бір қаржылық есепке және ұзақмерзімді болжамға сүйенеді. Егер заңнама мен салық талаптары жиі өзгерсе, кәсіпкерлер үшін тәуекел де артады. Сондықтан бизнестің тұрақты дамуы үшін түсінікті әрі болжамды «ойын ережесі» қалыптасуы қажет», – деді Индира Нұрлан.

Индира Нұрлан өндірістік жобаларды қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, өнеркәсіп саласындағы инвестициялардың нәтижесі бірден көрінбейтіндіктен, қаржы институттары кәсіпорындардың жұмыс ерекшелігін ескеруі керек.

«Өндірістік жобалардың өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа зауыт салу, өндірістік желілерді іске қосу және қажетті жабдықтарды орнату белгілі бір уақытты талап етеді. Оған қоса, кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеп, салынған қаражаттың қайтарымын қамтамасыз етуіне де уақыт қажет.

Сондықтан өндірісті қаржыландыру шарттары осы ерекшеліктерді ескеруі тиіс. Ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділік пен банктердің нақты секторды кредиттеуі өнеркәсіптің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Егер кәсіпорындар қаржыны тиімді шарттармен тарта алса, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік алады», – деп атап өтті сарапшы.

Сарапшы отандық өндірушілердің ірі компаниялар өткізетін сатып алу конкурстарына қатысу мүмкіндігін кеңейтудің де маңызын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жергілікті кәсіпорындардың тұрақты тапсырыс алуына және өндірістік әлеуетін арттыруына жол ашады.

«Ірі компаниялардың сатып алу конкурстарына отандық өндірушілердің қатысу мүмкіндігін кеңейту жергілікті кәсіпорындар үшін маңызды. Бұл олардың өнімін өткізу нарығын қалыптастырып, өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді.

Тұрақты тапсырыс кәсіпорындарға өндірістік жүктемені сақтауға, жұмыс орындарын қамтамасыз етуге және өз өнімінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар жергілікті өндірушілер ірі жобаларға қатысу арқылы нарықтағы орнын нығайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Сондықтан отандық кәсіпорындарды өндірістік және сатып алу тізбектеріне кеңінен тарту маңызды», – деді ол.

Индира Нұрлан жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесінде нарық сұранысы мен экспорттық әлеуетті алдын ала бағалау қажеттігін де атап өтті.

«Жаңа зауыт салу туралы шешім қабылданғанда ең алдымен оның өніміне сұраныс бар-жоғын анықтау керек. Өндіріс қуатын арттырудың өзі жеткіліксіз. Кәсіпорын шығаратын өнімнің ішкі нарықта қаншалықты қажет екенін, оны өткізудің қандай мүмкіндіктері барын және экспортқа шығару әлеуетін алдын ала бағалау қажет.

Сұраныс пен нарық мүмкіндіктері құрылыс басталғанға дейін зерделенуі тиіс. Өйткені кәсіпорынның ұзақмерзімді өміршеңдігі оның өнімін тұрақты өткізе алуына байланысты. Мұндай талдау өндірістік инвестициялардың тиімділігін арттырып, экономикалық ресурстарды орынды пайдалануға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді сарапшы.

Сарапшы Президент Жолдауында көтерілген инфрақұрылымды жаңарту бастамасының отандық кәсіпорындар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

«Инфрақұрылымды жаңарту – тек жолдар мен инженерлік желілерді дамыту ғана емес, сонымен қатар отандық өндірісті қолдаудың маңызды тетігі. Мұндай жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс материалдарына, жабдықтарға және түрлі қызметтерге сұраныс артады.

Бұл жергілікті кәсіпорындардың өндірістік тізбектерге қосылуына, жаңа тапсырыстар алуына және өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік береді. Сондықтан инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде отандық өндірушілердің әлеуетін де ескерген жөн. Осылайша, мемлекет жүзеге асыратын ірі жобалар ұлттық экономиканың ішкі мүмкіндіктерін дамытуға қызмет ете алады», – деді Индира Нұрлан.

Сөз соңында сарапшы цифрландыру бастамаларының тиімділігі енгізілген технологиялардың санымен емес, олардың кәсіпорын жұмысына әкелген нақты нәтижесімен бағалануы керектігін атап өтті.

«Цифрландыру өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталуы керек. Кәсіпорындарға жаңа технологияларды енгізу өздігінен мақсат болмауға тиіс. Оның нәтижесі өндірістік процестердің қаншалықты оңтайланғанынан, шығындардың азаюынан, өнім сапасының жақсаруынан және жұмыс тиімділігінің артуынан көрінуі қажет.

Цифрлық шешімдер кәсіпорын жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, өндірістегі тәуекелдерді азайтуға және ресурстарды тиімді пайдалануға көмектесуі тиіс. Жалпы, Президент Жолдауында көтерілген бастамалардың нәтижесі олардың нақты жүзеге асырылуына байланысты. Бизнеске тұрақты жағдай қалыптастыру, өндірісті қаржыландыру, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету және технологиялық жаңғырту өзара сабақтас бағыттар. Осылар жүйелі түрде жүзеге асқанда ғана экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік туады», – деп түйіндеді Индира Нұрлан.