Header Banner

Суды үнемдеп пайдалану – стратегиялық міндет - Жолдау

Суды үнемдеп пайдалану – стратегиялық міндет - Жолдау
Фото: АШМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында басты назар экономиканы, инфрақұрылымды, цифрлық саланы дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға аударылды. Экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen Qazaqstan газетіне сілтеме жасап.

Ғалымның пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше мән берілген. Президент тапсырма­сы­на сәйкес, ауыл шаруашылығын жеңіл­де­тілген қаржыландыру көлемі 1 три­л­лионнан 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Оның ішінде жеңілдетілген лизингке 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл – аграрлық саланы дамытуға бағытталған маңызды қолдау.

«Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан агросекторға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, былтыр 250 млрд теңгеге 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, биыл жалпы құны 294 млрд теңге болатын 9 мыңнан астам техниканы жеткізуге келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 4 пайыздан 8 пайызға дейін өсті. Ал өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемі 15 триллион теңгеге жетіп, өсім 6 пайызды құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл 6 мыңға жуық тауар өндірушіге 665 млрд теңге бөлінген. Қар­жы­ландырылған шаруашы­лық­тар­дың жалпы егіс алқабы 7,8 млн гек­тардан асады. Есептеп қарасақ, әр шаруа­шылыққа орта есеппен 114,7 млн теңге­ден, ал егіс ал­қа­­бының әр гектарына шама­мен 85 мың теңгеден келеді. Әрине, бұл – елеулі қолдау», - деді Қуаныш Айтаханов.

Экономика ғылымдарының докторының айтуынша, осы қаржының қанша­лық­ты кең ауқымды қамтып отырғанына да назар аударған жөн. Статистикалық де­рек­терге сүйенсек, елімізде 288 мың­ға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бар. Оның 21 мыңға жуығы – ауыл шаруашылығы кәсіпорны. Ал мем­лекеттік қаржыландыруға ие бол­ған­дар саны 5 800 шамасында. Бұл жалпы тауар өндірушілердің небәрі 2 па­йызына тең. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттырып, әсіресе шағын және орта шаруа қожалықтарын кеңінен қамту ма­ңыз­ды. Мұндай қадам Президент алға қойған міндеттерді орындауға тың сер­пін береді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, шаруаларға бір маусымға ғана емес, бірнеше жылға жоспар құруға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржы қажет. Осыған байланысты Үкімет агросекторға инвестиция тартудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға тиіс.

«Саланы дамытудың тағы бір ма­ңыз­ды бағыты – заманауи технология­лар­ды енгізу және өндірісті цифрландыру. Биыл бірқатар өңірде ауыл шар­уа­шы­лы­ғы өнімдерін өткізуге арналған цифр­лық жобаларды іске қосу жос­пар­­ла­нып отыр. Бұл шаруалардың дел­дал­дарға тәуелділігін азайтып, өз өнім­дерін кең нарыққа шығаруға жол аша­ды. Ал цифрлық платформаларды банк қыз­меттерімен, логистика және мемлекет­тік қолдау тетіктерімен ұштас­ты­ру отбасылық кәсіпкерліктің, шағын және орта фермерлік шаруа­шы­лық­тар мен кооперацияның дамуына ықпал етеді.

Бұған Түркістан облысындағы «Бөрте Милка» роботтандырылған сүт фермасы мысал бола алады. Бастапқыда шаруашылыққа Голландиядан 400 бас асылтұқымды ірі қара әкелінсе, бүгін­де олардың саны мыңға жуықтаған. Сиырлар роботтардың көмегімен сауы­лады, өндіріс үдерісі толық автоматтан­дырылған. Ал алынған сүт сол жерде терең өңделіп, да­йын өнім ретінде на­рыққа шығарылады. Осындай озық шаруашылықтардың санын көбейту қа­жет. Өйткені аграрлық саланың бола­ша­ғы – өндірісті ірілендіру, кооперацияны дамыту, жаңа технология­ларды енгізу, цифрландыру және автоматтандыру.

Технологиялық жаңғырудың тиім­ді­лігі егін шаруашылығында да айқын байқалады. Бұрын әр гектардан 15-20 цент­нер өнім алынатын алқаптарда жаңа технологиялардың арқасында өнімділік 35-40 центнерге дейін жеткен. Сол сияқты бұрын гектарына 25-30 тонна қызанақ жинау жоғары көрсеткіш саналса, бүгінде Түркістан облысында тамшылатып суару әдісі арқылы 100 тоннаға жуық өнім алынып отыр.

Бұл мысалдарға арнайы тоқталуы­мыз­дың себебі бар. Мемлекет басшысы Жолдауында су тапшылығын еңсеру үшін су үнемдеудің озық технологияларын кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Қазір елімізде мұндай тәсілдер 650 мың гектар алқапта, яғни суармалы жердің 36 па­йызында пайдаланылады. Оның 254 мың гектарында тамшылатып, 379 мың гектарында жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілген жер көлемін 1,3 млн гектарға немесе барлық суармалы алқаптың 67 пайызына жеткізу жоспарланған», - деді экономист.

Ғалымның пайымдауынша, Осы бағыттағы жұмысты ынталан­ды­руға мемлекет суару жабдықтарын сатып алу мен орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшерін 60 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтты. Суармалы суға берілетін субсидия көлемі де 85 па­йызға дейін артты.

«Алайда суды тиімді пайдалану тек жаңа технологияларды енгізумен шек­телмеуге тиіс. Суару және дренаж жүйелерін жаңғырту, су ағынын рет­тейтін үрмелі бөгеттерді қолдану, шаруашылықтарды лизинг арқылы қажетті техникамен қамтамасыз ету, су үнемдеуге негізделген ауыспалы егіс жүйесін қалыптастыру және егіс құрылымын жетілдіру де айрықша маңызды. Сонымен қатар сала мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға басымдық беру қажет.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жауапты мекемелер мен ғылыми ұйым­дар суармалы жерлерге иннова­ция­лық технологияларды енгізумен қатар, то­пы­рақтың тұздануына төзімді дақыл сорттарын өсіруге де назар аударуға тиіс.

Ғалымдардың есептеуінше, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жүйелі түрде жақсарту олардың өнім­ді­лі­гін 25-30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде еліміз бо­йынша жыл сайын қосымша 300-350 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге болады. Бұл мемлекет жұмсаған қаржының экономикалық қайтарымын арттыруға жол ашады», - деді ол.

Оның сөзінше, суармалы жерлерді тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының өнім­ділігін арттырудың ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де маңызды шарты. Сондықтан бұл ба­ғыт­тағы жұмысты жүйелі жүргізіп, ғы­лым, технология және мемлекеттік қол­дау мүмкіндіктерін өзара ұштастыру қажет.