Header Banner

Стратегиялық жоспарлау Қазақстанның егемендігін нығайтуға ықпал етеді – сарапшы

Стратегиялық жоспарлау Қазақстанның егемендігін нығайтуға ықпал етеді – сарапшы
Фото: Рустам Жасұзақовтың жеке мұрағаты

Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының құрылуы жаңа Конституцияның қабылдануынан басталып, Мемлекет басшысының Жолдауында жалғасын тапқан саяси өзгерістердің заңды жалғасы болды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы Рустам Жасұзақов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Бұл бастамалардың ортақ мақсаты – қоғам мүддесі мен әлемде болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, ел болашағының ұзақ мерзімді бағдарын айқындау. Мұнда белгілі бір сабақтастық бар. Жаңа Конституция мемлекеттің алдағы дамуының негізгі қағидаттарын бекітті. Президент Жолдауында ұлттық стратегияларды қайта қарау қажеттігін атап өтті. Ал сарапшылар тобының құрылуы осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды, – деді ол.

Сарапшы бұл жұмыстың маңызын бірнеше жайтпен түсіндірді. Ең алдымен, Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерге назар аударды. Урбанизация, демографиялық өзгерістер, цифрландыру және буын алмасуы азаматтардың сұранысы мен үмітіне әсер етіп жатыр. Олардың өмір сапасы, әлеуметтік әділдік және өз мүмкіндіктерін іске асыру туралы түсініктері де өзгеруде.

Сондықтан ол елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындағанда қоғамның түрлі топтарының мүддесін ескеру қажет деп санайды.

– Осы тұрғыдан алғанда, сарапшылар тобына Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдерін, әлеуметтанушыларды, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін тартудың маңызы зор. Бұл стратегиялық басымдықтарды талқылау кезеңінен бастап қоғамдағы көңіл күй мен әлеуметтік өзгерістерді ескеруге мүмкіндік береді. Мұның жаңа Конституциямен де байланысы бар. Онда қоғамдық диалог, халықтың әл-ауқатын арттыру және адами капиталды дамыту мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары мен бағыттары ретінде белгіленген. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдықтарын қалыптастырғанда азаматтардың өз болашағын қалай елестететінін ескеру маңызды, – деді Рустам Жасұзақов.

Ол әлемдегі геосаяси жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, ірі державалар арасындағы бәсеке бүгінде технология, жасанды интеллект, энергетика, табиғи ресурстар және көлік-логистика бағыттарын да қамтып отыр. Бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстар өзгеріп, инвестиция мен білікті мамандар үшін бәсеке күшейіп келеді.

Түрлі халықаралық күштердің мүдделері тоғысқан жерде орналасқан Қазақстан үшін мұндай өзгерістердің маңызы ерекше.

– Бір жағынан, еліміздің географиялық орны, табиғи ресурстары мен транзиттік әлеуеті жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Екінші жағынан, сыртқы нарықтарға, логистикалық инфрақұрылым мен шетелдік технологияларға байланысты ұзақ мерзімді тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан бүгінгі жағдайда егемендікті нығайту үшін өзіміздің экономикалық, технологиялық және зияткерлік әлеуетімізді дамыту қажет, – деді сарапшы.

Осыған байланысты ол сарапшылар тобының құрылуын халықаралық жағдай өзгеріп жатқан кезеңде ұлттық мүдделерді тереңірек зерделеуге бағытталған қадам деп бағалады.