Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел экономикасын әртараптандыру, өңірлердің әлеуетін арттыру, орта бизнесті қолдау және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді. Бұл бастамалар Қазақстанның экономикалық бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, ұзақмерзімді дамуына негіз қалайды. Бұл туралы ғалым-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Сейдахметов пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, елдің тұрақты дамуы ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне, заң үстемдігіне және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне байланысты.
«Соңғы жылдары жүзеге асырылған саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік институттарының жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Бұл – мемлекеттің тұрақты дамуы үшін маңызды алғышарт.
Мемлекеттік институттардың тиімділігі, заң үстемдігі және қоғамның билікке деген сенімі ел дамуының негізгі тіректерінің бірі саналады. Сондықтан саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Мұндай өзгерістер елдегі тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді нәтижелі жүзеге асыруға да мүмкіндік береді», – деді профессор.
Марат Сейдахметов өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағыттар инвестиция тартуға, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей ықпал етеді.
«Өңірлердің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Ал қалаларды цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызы зор. Көлік жолдарын, инженерлік-коммуналдық желілерді дамыту және тұрақты энергиямен қамтамасыз ету өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Бұл бағыттағы жұмыстар экономикалық өсімге ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сүру сапасына да әсер етеді.
Мәселен, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуеті жоғары. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, даму бағыттарын айқындау маңызды», – деп атап өтті ол.
Профессор Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік-логистика орталығына айналу бастамасының да стратегиялық маңызы бар екенін жеткізді.
«Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы артықшылықты тиімді пайдалану үшін теміржол және автомобиль дәліздерін, логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл халықаралық жүк тасымалының көлемін арттырып, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.
Бұл ретте Шымкент пен Түркістан облысы үшін көлік-логистика саласын дамытудың мүмкіндігі мол. Шымкентті өңірлік сауда және тауар тарату орталығы ретінде дамытуға болады. Ал Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және экспорттау бағыттарын кеңейту маңызды.
Мұндай бастамалар өңірлердің экономикалық байланысын нығайтып, жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін арттырады. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіндегі орнын күшейтуге ықпал етеді», – деді Марат Сейдахметов.
Сарапшы технологиялық даму мен адам капиталын нығайтуды елдің ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығының негізгі шарттарының бірі ретінде бағалады.
«Болашақ ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған ел қалдыру үшін ең алдымен ғылым мен білімге, инновацияға және өндірісті жаңғыртуға басымдық беру керек. Технологиялық даму, бәсекеге қабілетті экономика және адам капиталын нығайту өзара тығыз байланысты.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді дамыту және білім беру сапасын арттыру елдің экономикалық әлеуетін күшейтеді. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібін жаңғырту, экспортты әртараптандыру және кәсіпкерлікті қолдау қажет.
Әсіресе жастардың сапалы білім алып, заманауи мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау маңызды. Өйткені технологиялық өзгерістер жағдайында елдің бәсекеге қабілеттілігі жаңа білім мен кәсіби дағдыларды игерген мамандарға тікелей байланысты», – деп түсіндірді профессор.
Марат Сейдахметов орта бизнесті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, кәсіпорындардың тұрақты дамуы үшін ұзақмерзімді қаржыландыру мен өндірістік технологияларды жаңарту мүмкіндігі қажет.
«Орта бизнестің өсуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және экономиканың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Алайда кәсіпорындардың дамуы үшін қолайлы бизнес ортасымен қатар, ұзақмерзімді қаржыландыру, инвестициялық қолдау және заманауи жабдықтарды енгізу мүмкіндігі қажет.
Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, агробизнес, көлік-логистика және ақпараттық технологиялар салаларында қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берген жөн. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Шымкент пен Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі және логистиканы дамыту кәсіпкерлік әлеуетті арттыра алады. Мұндай өндірістердің көбеюі өңір экономикасын әртараптандырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Сарапшы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында «Бақты – Аягөз» теміржол желісі мен «Арал – Каспий» бағытының маңызын да атап өтті.
««Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қытаймен жүк тасымалының өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ал «Арал – Каспий» бағытын дамыту Қазақстанның батыс өңірлерінің халықаралық көлік дәліздерімен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалар экспортты дамытуға, логистикалық орталықтар ашуға және өңірлерге инвестиция тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар кедендік рәсімдерді цифрландыру мен тасымал жүйелерінің тиімділігін арттыру халықаралық нарықтағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Жалпы, көлік инфрақұрылымын дамыту тек транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтумен шектелмейді. Ол өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сондықтан бұл бағыттағы жобаларды жүйелі жүзеге асыру ел экономикасының ұзақмерзімді дамуы үшін маңызды», – деп түйіндеді Марат Сейдахметов.