Header Banner

Елімізде биыл 4,5 мың шақырым республикалық жол жөнделді

Елімізде биыл 4,5 мың шақырым республикалық жол жөнделді
Фото: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы

Қазақстанда биыл 4,5 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы күрделі және орташа жөндеуден өтті. Оның 4 мың шақырымы республикалық тасжолдарға, 500 шақырымы ақылы жолдарға тиесілі. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерді кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның пікірінше, соңғы жеті жылда елімізде жалпы 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөндеуден өткен. Оның 9 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі.

Жол жөндеу жұмыстары қалай таңдалады? 

Спикердің сөзінше, жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтау кезінде жолдардың нақты жағдайы, комиссиялық тексерулердің қорытындысы және тұрғындардан түсетін өтініштер ескеріледі.

«Жыл сайын күзде немесе көктемде жолдарға комиссиялық тексеру жүргізіледі. Оның құрамына жол полициясы, әкімдік өкілдері және басқа да құзырлы органдар кіреді. Тексеру нәтижесінде анықталған ақауларға қарай күрделі немесе орташа жөндеу түрлері белгіленеді», – деді Ғабит Шымырбаев.

Сонымен қатар министрлік пен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жол пайдаланушыларынан келіп түсетін шағымдар да назарға алынады. Егер анықталған ақаулар күрделі жөндеуді қажет етпесе, олар ағымдағы жөндеу немесе жолды күтіп ұстау жұмыстары аясында жойылады.

Мердігерлердің кепілдік мерзімі 5 жылға ұзартылды

Жол сапасына қойылатын талаптар да күшейтілген. Бұған дейін орташа жөндеуден өткен жолдарға берілетін кепілдік мерзімі үш жыл болса, қазір бес жылға дейін ұзартылған.

«Бес жылдың ішінде қандай да бір ақау пайда болса, жолды жөндеген мердігер компания оны өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге міндетті», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, жол құрылысына қолданылатын материалдардың сапасына және жөндеу технологияларына қойылатын талаптар күшейтілген. Сынақтан өтпеген материалдарды пайдалануға жол берілмейді. Жөндеу барысында күнделікті техникалық бақылау жүргізіліп, жол сапасын бақылау мекемелері де тұрақты тексеру жұмыстарын атқарады.

Жол жөндеу қаржысы цифрлық теңгемен бақыланады

Жол құрылысына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңге тетігі де сынақтан өткізілген.

Ғабит Шымырбаевтың айтуынша, өткен жылы Павлодар және Атырау облыстарында орташа жөндеу жұмыстары бойынша екі пилоттық жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Павлодар облысындағы жоба аяқталып, оң нәтиже көрсеткен.

«Жолға бөлінген қаражаттың мердігер компанияға, одан әрі құрылыс материалдарын сатып алуға немесе қосалқы мердігерлерге дейін қалай жеткені цифрлық теңге арқылы көрініп отырды», – деді ол.

Қазір цифрлық теңгені жол құрылысы саласында кеңінен қолдану мәселесі Қаржы министрлігімен бірлесіп қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл тетікті жаңа құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына енгізу көзделген.

Республикалық трассалар қысқы маусымға дайын

Қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізілген. Спикердің мәліметінше, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға арналған 2 мыңға жуық арнайы техника дайын тұр. Қысқы кезеңде қолданылатын көктайғаққа қарсы материалдар да алдын ала әзірленген.

«Қысқа дайындықты жаздан бастау керек. Қазір 2 мыңға жуық техника дайын тұр. Оны 100 пайыз дайын деп айтуға болады. Сонымен қатар көктайғаққа қарсы материалдар да әзірленді», – деді Ғабит Шымырбаев.

Биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілерге жолға шықпай тұрып, 3-4 сағат бұрын ескерту жіберу жұмыстары қолға алынған.

Бұл бағытта такси және онлайн қызмет көрсету агрегаторларымен, соның ішінде inDrive және Yandex платформаларымен де өзара іс-қимыл жүргізілуде.