Алматыда дәрігерлер туа біткен ауыр дерті бар үш айлық сәбидің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәрестенің ішектері, көкбауыры, тіпті сол жақ бүйрегі де кеуде қуысына өтіп, өкпесін қысып, тыныс алуын қиындатқан. Балалар хирургтарының кәсіби шеберлігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерінің арқасында өміріне қауіп төндірген патологияны аз инвазивті әдіспен жою мүмкін болды.
Күрделі операцияны Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының мамандары жүргізді.
Тексеру барысында нәрестеге туа біткен диафрагмалық жарық диагнозы қойылды. Бұл – диафрагмадағы кемістік арқылы іш қуысының ішкі ағзаларының кеуде қуысына өтуімен сипатталатын патология. Баланың жағдайы сол жақ өкпенің толық дамымауымен де асқынған.
Патологияның ауырлығына және пациенттің өте кішкентай жасына қарамастан, хирургтар торакоскопия әдісін – аз инвазивті хирургиялық араласуды қолданды.
Кеуде қуысына жасалған шағын тіліктер арқылы мамандар ішкі ағзаларды қалыпты орнына қайтарып, диафрагманың тұтастығын қалпына келтірді. Кемістік жойылғаннан кейін сол жақ өкпе жазылып, қалыпты жағдайға келді.
«Мұндай жастағы пациентке торакоскопиялық операция жасау аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап етеді. Біз ағзаларды анатомиялық дұрыс орнына қайтарып қана қоймай, кеуде қуысы құрылымдарының қалыпты орналасуын да қалпына келтіре алдық», – деді операцияға тікелей қатысқан аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаптағаев.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір сәбидің жағдайы тұрақтанып, үйіне шығарылған.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық балалар күрделі тамыр ауруларынан енді елде емделе алатыны туралы жаздық.