Header Banner

Цифрлық сәйкестендіру пациенттің медициналық ұйымға барғанын растауға мүмкіндік береді - ДСМ

Цифрлық сәйкестендіру пациенттің медициналық ұйымға барғанын растауға мүмкіндік береді - ДСМ
Фото: ДСМ/ЖИ

Қазақстанда пациенттердің медициналық картасына қосып жазудан қорғайтын цифрлық технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді. Face ID және «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы 160 млн қабылдау расталды. Бұл есепке алынған қабылдаудың жалпы санының 72,2%-ы​​​​, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық сәйкестендіру пациенттің жеке басын және медициналық ұйымға нақты барғанын растауға мүмкіндік береді. Бұл азаматтар іс жүзінде алмаған медициналық қызмет туралы мәліметтердің медициналық карталарға енгізілу қаупін азайтады.

Дәрігерге барғанын екі тәсілмен растауға болады: Face ID арқылы тұлғаны тану немесе eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық кодты пайдалану. 13 қарашадағы жағдай бойынша Face ID арқылы 53,9 млн қабылдау, ал цифрлық код көмегімен 106,1 млн қабылдау расталған.

Жоба 2024 жылы Астана қаласының медициналық ұйымдарында басталды, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап оны бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу қолға алынды.

Сонымен қатар пациенттермен кері байланыс орнату тетігі енгізілді. Вакцинациялау туралы мәлімет медициналық ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін азаматқа SMS хабарлама жіберіліп, онда екпе алғанын растау немесе жоққа шығару мүмкіндігі ұсынылады.

2026 жылғы 26 қазан мен 26 қараша аралығында қазақстандықтарға осындай 1,1 млн-ға жуық хабарлама жіберілді. 84 мыңнан астам жауап алынды, оның ішінде 74 мыңнан астамы екпе алғанын растаған.

Егер азамат екпе алмағанын хабарласа, тиісті медициналық жазба қосымша тексеруге жіберіледі.

Еске салсақ, 700-ден астам медициналық ұйымда ЖИ инсульт пен обырды жылдам анықтауға көмектеседі.