Header Banner

Еркін Дүсіпов: Президент Жолдауы азаматтық заңнаманы жаңғырту мәселесін өзекті етті

Еркін Дүсіпов: Президент Жолдауы азаматтық заңнаманы жаңғырту мәселесін өзекті етті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында ел дамуының жаңа бағыттары айқындалды. Осы ретте экономикалық қатынастардың өзгеруі мен цифрлық технологиялардың дамуы құқықтық жүйені де заман талабына сай жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Бұл туралы заңгер-ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүсіпов пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen-ге сілтеме жасап.

«Азаматтық кодекс қабылданғаннан бері шамамен отыз жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде еліміздің экономикасы, меншік қатынастары, кәсіпкерлік ортасы мен халықаралық экономикалық байланыстары елеулі өзгерістерге ұшырады. Тың технологиялар, электрондық сауда, цифрлық экономика, зияткерлік меншік объектілерінің жаңа түрлері, деректер айналымы мен трансшекаралық мәмілелер азаматтық құқықтың алдына бұрын болмаған міндеттер қойып отыр.

Қолданыстағы Азаматтық кодекс өз кезеңінде тарихи міндетін атқарды. Соған қарамастан қазіргі жағдайда азаматтық заңнаманы жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Бұл жұмыс жекелеген баптарды редакциялық тұрғыдан өзгерту ғана емес, азаматтық-құқықтық реттеудің тұжырымдамалық негіздерін қайта қарастыруды талап етеді», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, азаматтық заңнаманы жаңғырту барысында бірнеше негізгі бағытқа назар аудару қажет.

«Біріншіден, азаматтық заңнамамен реттелетін қоғамдық қатынастардың мазмұны мен шекараларын қайта бағалау керек. Қазіргі нарықтық экономикада дәстүрлі мүліктік қатынастармен қатар цифрлық активтерге, электрондық мәмілелерге, цифрлық платформаларға, жаңа технологияларға байланысты қатынастар кеңінен дамып келеді. Олардың құқықтық мәртебесі мен айналым ерекшеліктері азаматтық заңнамада жүйелі әрі түсінікті көрініс табуы қажет.

Екіншіден, заңды тұлғалардың құқықтық мәртебесін жетілдіру маңызды. Заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру әрі тарату, олардың органдарының өкілеттіктері, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, корпоративтік басқару, жауапкершілік пен кредиторлардың мүдделерін қорғау мәселелері қазіргі экономикалық талаптар тұрғысынан қайта қарастырылуға тиіс.

Үшіншіден, шарт институтын жаңғырту қажет. Шарт еркіндігі нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарының бірі болғанымен, оның нақты іске асырылуы тараптардың құқықтық қорғалу деңгейіне, шарт талаптарының айқындығына әрі сот арқылы қорғану мүмкіндіктеріне байланысты. Электрондық шарттар, автоматтандырылған мәмілелер, стандартты шарт талаптары, адалдық қағидаты, міндеттемелерді орындау мен бұзылған құқықтарды қалпына келтіру тетіктері кешенді түрде саралануы керек», – деп атап өтті Еркін Дүсіпов.

Сонымен қатар сарапшы меншік құқығын қорғау мен азаматтық-құқықтық жауапкершілік институтын жетілдіру қажеттігін жеткізді.

«Төртіншіден, меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғаудың құқықтық механизмдерін жетілдіру қажет. Жекеменшікке қол сұғылмаушылық, мүлікті иелену, пайдалану, оған билік ету мүмкіндігі, адал иеленушінің мүдделерін қорғау, сондай-ақ меншік иелері мен үшінші тұлғалардың құқықтары арасындағы теңгерім азаматтық заңнаманың басты назарында болуға тиіс.

Бесіншіден, азаматтық-құқықтық жауапкершілік институтын қазіргі талаптарға сәйкестендіру маңызды. Шарттық пен шарттан тыс жауапкершілік, залалды өтеу, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, азаматтық құқықтарды теріс пайдаланудың алдын алу мәселелері құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып қайта зерделенуі керек», – деді профессор.

Алтыншы бағыт цифрлық экономикамен тікелей байланысты.

«Электрондық сауда, цифрлық платформалар, зияткерлік қызмет нәтижелері, электрондық құжат айналымы мен жасанды интеллектіні қолдану барысында туындайтын азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудің тиімді әрі технологиялық өзгерістерге бейім құқықтық негіздері қалыптастырылуға тиіс.

Әрине, аталған мәселелер Азаматтық кодексті жаңғыртудың барлық бағытын қамтымайды. Азаматтық құқықтың әрбір институты жеке ғылыми және практикалық талдауды қажет етеді. Ең бастысы – реформаның жүйелі сипатта болуы әрі азаматтық заңнаманың ішкі біртұтастығының сақталуы», – деп түйіндеді Еркін Дүсіпов.