ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 55 жастағы ер адамды криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде қолға түсірген. Ол он жылға жуық уақыт халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ШҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Анықталғандай, 2007 жылдың желтоқсанында тұрмыстық жанжал кезінде ер адам танысына пышақ жарақатын салып, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сот оны сырттай 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда ол жазасын өтеуден жалтарып, бой тасалаған. 2016 жылдың соңында мемлекетаралық іздеуге жарияланған», — делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны іздеп жатқан тарапқа хабар берілді. Биыл желтоқсан айында ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тиісті елге беру рәсімі жоспарланған.