Header Banner

Шымкенттегі дәмханада әйелге шыны ыдыс лақтырған күдікті ұсталды

Бүгін, 15:59
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шымкенттегі дәмханада әйелге шыны ыдыс лақтырған күдікті ұсталды
Фото: magnific.com

Шымкенттегі дәмханалардың бірінде болған жанжал кезінде ер адам әйелге шыны ыдысты лақтырған. Салдарынан әйелдің беті мен қолы жарақаттанған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шымкент қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, «Кофемолка» кофеханасында отырған ер адамдар қатты сөйлесіп, кейін көрші үстелде отырған қыздарға танысуды ұсынған. Алайда қыздар олардың ұсынысынан бас тартқан. 

Осыдан соң ер адамдар қыздардан ұлтын сұрап, оларға қорлайтын сөздер айтқан. Жанжал барысында ер адамдардың бірі қыздарға қарай стақанды қатты лақтырған. Стақан қыздардың біріне тиген. Салдарынан зардап шеккен қыздың бір тісі сынып, ерні жарылған. Сондай-ақ шыны сынығы оның қолын сүйегіне дейін кесіп кеткен.

Оқиғадан соң ер адамдар полиция келгенше мекемеден кетіп қалған. Ал қыздар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін күтіп, медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккен қыздың ерні мен қолындағы жарасына тігіс салынған.

Аталған дерек бойынша Шымкент қаласының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады полицияда.

Қазір тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Еске салсақ, Алматыда бірнеше адам қаза тапқан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.