Header Banner

Елордада ішімдікті сату талаптарын сақтамаған 1 мыңнан астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - прокуратура

Елордада ішімдікті сату талаптарын сақтамаған 1 мыңнан астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды - прокуратура
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астанада тиісті лицензиясыз алкоголь өнімін сату бойынша 249 материал тіркеліп, 80 мың литрден астам алкоголь өнімі анықталған. Астана қаласы прокуратурасы Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету басқармасының прокуроры Шерхан Шорабек Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Астанада алкоголь өнімдерін өткізу талаптарының сақталуына бақылау жүргізіліп жатыр. Биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша 1 023 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 12,7%-ға жоғары.

Алкоголь сатуға қойылған шектеулер

Қазақстан заңнамасына сәйкес, алкоголь өнімін 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ алкоголь өнімін сағат 23:00-ден келесі күнгі 08:00-ге дейін, ал құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 30%-дан асатын өнімдерді сағат 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін бөлшек саудада өткізуге болмайды.Сатушылар сатып алушының жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті. Құжат ұсынылмаған жағдайда алкоголь өнімін сатудан бас тартуы қажет.

Биыл 174,7 млн теңге айыппұл салынды

ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 2025 жылы 908 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Оның 781-іне қатысты лицензияның қолданылуы тоқтатылды, 68 адам лицензиясынан айырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 129,1 млн теңге. 2026 жылдың өткен кезеңінде жауаптылыққа тартылғандар саны 1 023 адамға жетті. Оның ішінде 889-ына қатысты лицензияның қолданылуы тоқтатылған, Ал 107 адам лицензиясынан айырылды. Оларға 174,7 млн теңге айыппұл салынды.Алкоголь өнімін 21 жасқа толмаған адамдарға немесе тыйым салынған уақытта сатқан жағдайда жеке тұлғаға 10 АЕК, кәсіпкерлік субъектісіне 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, лицензияның қолданылуы тоқтатылады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 20 және 180 АЕК-ке дейін ұлғайып, лицензиядан айыру көзделген.

Лицензиясыз сауда: 80,3 мың литрден астам алкоголь анықталды

Алкоголь өнімдерін тиісті лицензиясыз өткізу ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. 2025 жылы осы бап бойынша 208 материал тіркеліп, 63,8 мың литрден астам алкоголь өнімі анықталған.
2026 жылы  249 материал тіркелді. Бұл 2025 жылдың толық көрсеткішінен 19,7%-ға артық. Анықталған алкоголь өнімінің көлемі 80,3 мың литрден асты. Лицензиясыз сауда жасағаны үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК, кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 30 және 500 АЕК-ке дейін жетеді. Заңда көзделген жағдайларда өнім тәркіленуі мүмкін.

Прокуратура ведомствоаралық бақылауды күшейтті

Қала прокуратурасының енгізген ұсынуын қарау нәтижесінде Мемлекеттік кірістер департаменті мен Полиция департаменті алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша бірлескен іс-қимыл алгоритмдерін әзірледі.Сонымен қатар прокуратура жүргізген талдау барысында лицензиялау, алкоголь өнімдерінің айналымын бақылау және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау салаларында мәселелер анықталды. Оларды жою және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру мақсатында тиісті прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
Қала прокуратурасы кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.