Header Banner

Головкин мен UCI басшысы Қазақстандағы велоспорттың дамуын талқылады

Бүгін, 15:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Головкин мен UCI басшысы Қазақстандағы велоспорттың дамуын талқылады
Фото: ҰОК

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің мүшесі Давид Лапартьенмен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Кездесуге UCI бас директоры Амина Ланайя, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов, федерацияның әйелдер велоспортын дамыту жөніндегі вице-президенті Яна Зель және Қазақстан ҰОК басшылығы қатысты.

«Тараптар өз ұйымдарының негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, Қазақстандағы және әлемдегі велоспорттың қазіргі жағдайын, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері мен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады», - делінген хабарламада.

Давид Лапартьен Қазақстан велоспорт федерациясының жұмысын жоғары бағалап, еліміздің Азияда велоспорт қарқынды дамып келе жатқан Жапония мен Қытай секілді мемлекеттердің қатарында екенін атап өтті.

Қазақстан велоспортының маңызды жетістіктері ретінде ұлттық құраманың Аичи және Нагояда (Жапония) өткен Азия ойындарында жеңіп алған бес медалі, оның ішінде үш алтын медаль иеленуі сөз болды. Сондай-ақ Азия ойындарының алты дүркін жеңімпазы Алексей Луценконың жетістіктері мен Әнел Тәшбайдың Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алғаны ерекше атап өтілді.

UCI президенті әлемде велоспорттың түрлі бағыттары қалай дамып жатқанын және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу мүмкіндіктері туралы баяндады. Айта кетейік, Олимпиада ойындарының бағдарламасында велоспорттан 514 жолдама және 22 медаль жиынтығы қарастырылған.

Райымбек Баталов федерацияның велоспорттың барлық түрін дамыту, спортшыларға арналған жағдайды жақсарту, мамандардың кәсіби деңгейін арттыру және Еуропа елдеріндегі клуб жүйесін енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ол жас велошабандоздардың балалар мен жасөспірімдер спортынан ересектер деңгейіне, одан әрі кәсіби спортқа біртіндеп өтуіне қажетті жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Бұл ретте спорт клубтарының орны ерекше. Олар жас спортшыларға мансабын жалғастырып, қабілетін толық ашуға мүмкіндік береді.

Федерация президенті өңірлердегі спорт мектептерімен байланысты нығайту, жеке инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де тоқталды. Сондай-ақ қазақстандық велошабандоздар Қытайда тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарын өткізетіндіктен, осы елмен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі қозғалды.

«Тараптар әйелдер арасында велоспортты дамыту, гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету және қазақстандық спортшылардың кәсіби деңгейде өнер көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді де негізгі бағыттардың қатарына қосты», - деп хабарлады ҰОК.

Сапар барысында UCI басшылығы Қазақстан спорт инфрақұрлымымен және спортшылардың дайындық жағдайымен танысты.

Қазақстанның ірі халықаралық спорт жарыстарын ұйымдастырудағы тәжірибесін ескере отырып, тараптар елімізде UCI аясында жарыстарды өткізу мүмкіндігін және велоспортты дамыту бағытындағы алдағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Еске салсақ, Астанада WADA Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті.