Header Banner

Астанада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қандай жұмыстар атқарылды

Астанада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қандай жұмыстар атқарылды
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев елорданың Коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, отбасылық құндылықтарды нығайту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz 

Спикердің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы он айында осы бағыттар бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып, мыңдаған жас пен отбасы қамтылды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу

«Esirtkisiz elorda» жобасы аясында жыл басынан бері 40 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 5 мыңнан астам адам қамтылды. Қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындарында 35-тен астам кездесу, дәріс және тренинг ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам студент қатысты. Сондай-ақ психолог Мырзада Сейтқалидің және полицияның есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуымен 26 дәріс ұйымдастырылды.

Жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында бірқатар жоғары оқу орнында студенттік психологиялық алдын алу комитеттері құрылды. Жыл басынан бері қала аумағындағы есірткі жарнамасы бар 357 нысандағы жазулар боялып, жойылды.

«Jarqyn bolashaq» жобасы аясында құмар ойындарға тәуелділіктің, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қаржылық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізілді. 13 қазанда Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп форум ұйымдастырылып, оған 1 600-ге жуық студент қатысты. Колледждерде құмар ойындардың алдын алу бойынша 21 дәріс, интернет-алаяқтық пен қаржылық сауаттылық тақырыбында 18 дәріс өткізіліп, 2 500 парақша таратылды.

Ал «Студенттік қалқан» шарасына 15-ке жуық жоғары оқу орнынан 250 студент қатысып, көрермендер мен онлайн аудиторияны қоса алғанда, ақпараттық қамту көлемі 1 000 адамға жуықтады. Іс-шараның негізгі мақсаты – діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу.

Отбасыларды қолдау және құндылықты дәріптеу

«Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында 50 танымдық семинар өткізіліп, 5 500 отбасы қамтылды. Әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған байқауға 120 отбасы қатысты. Сонымен қатар 100 отбасының қатысуымен үш спорттық іс-шара өтіп, 60 отбасы аспаздық, қыш өнері және сурет салу бағытындағы шығармашылық сабақтарға қатысты. Жоба аясында «Үздік жас отбасы – 2026» байқауы да ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Жанұя» отбасыны қолдау орталығымен бірлесіп, отбасылық құндылықтарды нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жастарға арналған 15 аула клубы мен коворкинг жұмыс істейді

Қалада жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және шығармашылық қабілетін дамытуына арналған 8 аула клубы мен 7 «Замандас» коворкингі жұмыс істейді. Олардың қызметімен 4 300-ден астам адам қамтылған.Аталған орталықтарда 80 спорт секциясы мен 70 шығармашылық үйірме ұйымдастырылған. Спорт секцияларына 2 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысады. Аула клубтары елорданың алты ауданында орналасқан.

NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру

«Астана Жас жігер» жобасы аясында NEET санатындағы жастарды қоғамдық өмірге тарту және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған спорттық жарыстар өткізілді. Футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг, гір көтеру және арқан тарту сайыстарына жалпы саны 300 жас қатысты.

Аталған бастамалар жастардың әлеуетін дамытуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және әлеуметтік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.