Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және елордадағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қала аумағында полиция шақыруға арналған 40 арнайы "SOS" батырмасы жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған құрылғылар күн сайын тұрғындар мен қала қонақтары көп шоғырланатын қоғамдық орындарға орнатылған.
«SOS» жүйесі арқылы келіп түскен әрбір сигнал автоматты түрде жедел басқару орталығына жіберіледі. Хабарлама түскен соң диспетчерлер оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция экипажын бағыттап, жедел әрекет етуді ұйымдастырады», - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері аталған құрылғылардың көмегімен 31 өтініш тіркелген. Олардың әрқайсысы полиция қызметкерлерімен пысықталып, өтініш білдірушілерге қажетті көмек көрсетілді.
Осындай жағдайлардың бірі қараусыз қалған чемоданның табылуына байланысты болған. Ер адам "SOS" батырмасын басып, күмән тудырған жүк туралы хабарлаған. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, чемоданның иесін анықтап, оған жеке затын қайтарып берген.
Полиция азаматтарды қажет болған жағдайда жедел көмек шақыруға арналған "SOS" батырмаларын пайдалануға және кез келген оқиға туралы полицияға дереу хабарлауға шақырады.
Еске салсақ, полиция жүргізушілерді заңсыз жанармай бактарын орнатпауға шақырды.