Астананың коммуналдық қызметі қысқы кезеңгі жұмысқа дайын. Қар жауған күндері көшелерді тазарту жұмысы күшейтілген режимде жүргізіледі. Ең алдымен негізгі магистральдар, қоғамдық көлік аялдамалары мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар қардан тазартылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қыс мезгілінде қар күреу жұмысы елорданың барлық алты ауданында өтеді. Қаланы санитарлық тазарту үшін 2 500-ден астам арнайы техника мен 3 400-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылады.
Жауын-шашын кезінде магистральдық көшелерді, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көлік аялдамаларына апаратын жолдарды уақытылы тазартуға басымдық беріледі.
«Қар күреу жұмысы екі ауысым бойынша жүргізіледі. Қар қалың жауған жағдайда ауа райы мен жол жағдайына қарай арнайы техниканың қозғалыс бағыттары өзгертіліп отырады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада күн бұлтты, кей уақытта жауын, көбінесе қар жауады.

