Ертең елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу аясында Arman-PV баспасы қаламгердің «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде әзірленген спектакль-кітаптың таныстырылымын өткізеді. Қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген басылымның таныстырылымы қолтаңба беру сағатына ұласады.
Сағат 19:00-де театр сахнасында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Қызжылаған» драмасы көрерменге ұсынылады. Қойылымның қоюшы режиссері – жас режиссер Абзалбек Максим.
Биыл «Мәңгілік бала бейне» шығармасының жазылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мерейтой Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді.
Осы айтулы датаға орай Arman-PV баспасы «Мәңгілік бала бейне» туындысын Қазақстанда алғаш рет спектакль-кітап форматында қазақ және ағылшын тілдерінде жарыққа шығарды. «TheAngelofKaraul» атты ағылшын тіліндегі басылым қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі маңызды шығармалардың бірі халықаралық оқырманға жол тартқанын айғақтайтын айтулы оқиға.
«Мәңгілік бала бейне» – халқымыздың қасіретін көркем сөзбен сөйлеткен, тарихи жадыны жаңғыртып, ядролық сынақтардың зардабын ұмыттырмауға үндейтін шығарма. Қазақ халқының қайғыны қасиетпен, қасіретті қайсарлықпен жеңген рухын танытатын туындының сахналық нұсқасы да терең мазмұнымен ерекшеленеді.