Астанада кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және қазақ әдебиетін насихаттау мақсатында кофеханаларға қазақ тіліндегі кітаптарды тарату жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жобаны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалы бірлесіп қолға алып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру, тұрғындардың қазақ тіліндегі әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.
Осы мақсатта кофеханаларда арнайы кітап сөрелері ұйымдастырылып, келушілерге демалыс уақытында кітап оқып, түрлі әдеби шығармалармен танысуға мүмкіндік жасалады.

«Қазір елімізде кітап оқуға деген құлшыныс күшейіп жатыр. Оның бастауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы тұр. Қазір осы бастама аясында елімізде көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, «Кітап оқитын ұлт» жобасы дүниеге келді. Осы жобаның аясында қаншама мектепте, орта және жоғары оқу орындарында кітап оқылып жатыр...
Біз де осы шараға қалай атсалысамыз деген оймен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірге, Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалымен ақылдаса келе, елордадағы кофеханаларға кітап таратсақ деген ойға келдік. Неге кофеханаларға? Өйткені қазір кофеханаға кірмейтін адам аз. Жұрттың бәрі кофе ішеді. Бір сәтке жылынып алғысы келеді немесе біреуді күтіп отырады, кездеседі. Кофеханаларда көп мәселе шешіледі.
Біз байқағанымыз, кофеханаларда орыс тіліндегі кітаптар көбірек болады. Кірген адам міндетті түрде сол кітаптарға қарайды екен. Осыны көре келе, неге қазақ кітаптарын кофеханаларға таратпаймыз деген ой келді. Қазір сол кофеханаларға кітап таратып жатырмыз», - дейді Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кофехана өкілдері бұл идеяны қуана қабылдап отыр. Бүгін кезекті рет 1 500-нан астам қазақ тіліндегі кітап таратылады. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен жергілікті қаламгерлердің шығармалары бар.
«Бір кофеханаға он-он бестен кітап үлестіріледі. Қазірге дейін қырық шақты кофеханаға кітап таратылды. Жалпы, осы күнге дейін 1 500-дей кітап жиналған болатын. Әрине, кофехана саны көп. Қазір өзімізде бар, қаламгерлерде бар кітаптарды тағы да жинап жатырмыз.
Мотивация беретін кітаптар да болады, көркем әдебиет те, балалар әдебиеті де болады. Себебі кофеханаға кіретін адамның категориясы әртүрлі, сондықтан барлық категорияны қамтуға тырысамыз», - деді ол.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар қала тұрғындарын осы бастаманы қолдауға және үйлерінде оқылып болған кітаптарын осындай орындарға табыстауға шақырады.




