Header Banner

Астанада сарапшылар су саласын цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылады

Бүгін, 16:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада сарапшылар су саласын цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада «Су ресурстарын басқару: стратегия және цифрлық трансформация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Қазақстанның су саласын дамытудың негізгі бағыттары, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Мартин ван Бюрен, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Айжан Сқақова, Арман Хайруллин және Шынасыл Ерназар қатысты.

Дөңгелек үстелді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігімен және Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп, Chevron және Caravan of Knowledge ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктерінің өкілдері, Еуразиялық даму банкі, PowerChina корпорациясы, Францияның Даму агенттігі (AFD), Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамы, халықаралық сараптамалық ұйымдар, технологиялық компаниялар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Қатысушылар су саясаты саласындағы мемлекеттік басымдықтарды, бассейндік жоспарларды іске асыруды, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды және салаға инвестиция тартуды талқылады.

Сондай-ақ су саласын цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін дамыту, цифрлық мониторинг пен болжам жасау, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды қолдану мәселелері қаралды.

Дөңгелек үстел аясында ынтымақтастық туралы меморандумдармен алмасу рәсімі де өтті. Құжаттар су ресурстарын басқару саласындағы әріптестікті нығайтуға және өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

«Бүгінгі дөңгелек үстел өзара тығыз байланысты екі бағытты – стратегиялық жоспарлау мен цифрландыруды біріктіріп отыр. Біз оларды су ресурстарын басқарудың біртұтас жүйесінің құрамдас бөліктері ретінде қарастырамыз. Жоспарлау құжаттарын әзірлеуден оларды іс жүзінде қолдануға көшуіміз қажет. Бассейндік жоспарлар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту басымдықтарын айқындауға, су ресурстарын ұтымды бөлуге және су тапшылығы тәуекелдерінің алдын алуға негіз болуы тиіс. Ал цифрландыру нақты нәтижеге бағытталуы керек. Бұл – суды дәл есепке алу, сапалы болжам жасау, ықтимал тәуекелдерді уақытылы анықтау және су шаруашылығы шараларын негізделген жоспарлау», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетейік, елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 1,1 млрд текше метр су үнемделді.