Қазақстанда жасанды интеллект дәрігерлерге қауіпті аурулардың белгісін жылдам анықтауға, медициналық суреттерді талдауға және құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты қысқартуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде еліміздегі 700-ден астам медициналық ұйым жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешімді қолданады. Басты мақсат – ауруды дер кезінде анықтап, пациенттермен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлу. Басты бағыттың бірі – инсультті диагностикалау. CerebraAI жүйесі компьютерлік томография (КТ) суретін талдап, дәрігерлерге бас миының зақымдану белгісін жедел анықтауға көмектеседі.
Қазіргі уақытта бұл технология Астана қаласындағы, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарындағы және Жетісу облысындағы 17 инсульт орталығында қолданылады.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап осы жүйенің көмегімен инсультке күдік болған 23,5 мыңнан астам пациенттің тексеру нәтижесі талданды. Инсульт кезінде әр минуттың маңызы зор. Диагнозды дер кезінде анықтау емдеуді тезірек бастауға, ауыр асқыну мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырының белгілерін ерте анықтауда, стоматологиялық диагностикада да қолданылады.
Қазақстанда дәрігерлерге медициналық құжаттарды рәсімдеуге көмектесетін цифрлық көмекшілер де енгізіліп жатыр. Бүгінде Alima цифрлық көмекшісін 4 205 дәрігер пайдаланады. Пилоттық жоба барысында асқынбаған аурумен келген пациентті қабылдау кезінде медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақыт төрт есе қысқарған. Бұрын бұл жұмысқа алты минут жұмсалса, қазір бір жарым минут жеткілікті.
Бұл дәрігерлерге пациенттерді тексеруге, консультация беруге және емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект медицина маманын алмастырмайды, керісінше, оның жұмысына көмектеседі. Диагноз қою және ем тағайындау туралы шешімді бұрынғысынша дәрігер қабылдайды.
Еске сала кетсек, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова тұмауға қарсы екпе кімдерге тегін салынатынын түсіндірді.