Астана қаласы 27–29 қараша аралығында таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалын алғаш рет қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Баспасөз жиынына Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев, Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес, Гран-при финалының қатысушысы Мария Севостьянова, WT бас хатшысы Чонгкан Со, WT техникалық делегаты Филипп Буэдо қатысты.
«Гран-при сериясына 6 Олимпиада чемпионы, 15 әлем чемпионы сынды мықтылар қатысатындығын ескерсек, жүлде алу оңай болмайтындығы түсінікті. Әйтсе де біз кемінде бір алтын жүлде алуды жоспарлап отырмыз.
Гран-при сериясының финалында жеңіске жетіп жатсақ, отандық спортта жаңа тарих жазылады. Сондықтан жеңімпазға міндетті түрде сыйақы жағын қарастырамыз», - деді Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев.

Елорда төрінде Қазақстан атынан пара таеквондодан 7 отандасымыз және таеквондодан 4 спортшымыз жүлдеге таласады.
«Таеквондоның қызығушылығын арттыру үшін, жаңа ережелерді әр жарыста тексеріп жатырмыз. Оның ішіне секіріп айналып тебуге ұпай беру, соңғы 10 секундта қарсыластың айқастан жалтармауына жол бермеу және т.б қағидалар бар. Астана қаласында да жаңа ережені тексеріп көреміз. Себебі, 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасы да жақындап қалды. Осы орайда Қазақстан тарапына алғысымызды білдіремін. Өз елдеріңізде ұйымдастырып жатқан ірі жарыстардың арқасында алдағы Олимпиада ойындарына таеквондошыларыңыз толықтай дайын болады деп сенемін», - деп Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоу да өз пікірімен бөлісті.

Жарыс барысында тек жеңімпаздар анықталып қана қоймай, Дүниежүзілік таеквондо федерациясы жылдың үздіктерін арнайы марапаттайтын болады.
«Гран-при финалына пара-таеквондо құрамасынан жеті спортшымыз қатысуға дайындалып жатыр. Айта кететін жайт, ұпай санымен бізде бұл Гран-при финалына екі-ақ спортшымыз ғана қатысуы тиіс еді. Алайда ірі доданы еліміз қабылдап жатқандықтан, бізге қосымша квоталар берілді.
Фавориттерге тоқталатын болсақ. Қазан айында ғана Парижде өткен пара Гран-при сериясында Нұрлан Домбаев Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді алып берген болатын. Одан бөлек, мамыр айында Камила Досмалова Моңғолияда ұйымдастырылған Азия чемпионатында топ жарған еді. Сол қос спортшының тәжірибесі басқаларға қарағанда молырақ. Бірақ өзге отандастарымыздың мүмкіндігі бар. Ең бастысы, жастарымыздың мықтылармен бір алаңда сынға түсуінің өзі үлкен тәжірибе», - деді Пара таеквондо федерациясының вице-президенті Нұрасыл Жарбасов.
Айта кетейік, Гран-при сериясының финалы 27-29 қараша күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе жек сарайында өтеді.


