Header Banner

Алматының үш тұрғыны дропперлер желісін ұйымдастырған

Алматының үш тұрғыны дропперлер желісін ұйымдастырған
Фото: pexels.com

Алматы қаласының үш тұрғыны шетелдіктерді пайдаланып дропперлер желісін ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымына, үшінші тұлғалардың банк шоттарына қол жеткізу құқығын сатып алуға және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесу деректері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. 

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін ұйымдастырған. Осы мақсатқа делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтары, негізінен жастар, оның ішінде студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған адамдар тартылған.

Күдіктілер олардың Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-картамен қамтамасыз еткен. Шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтып отырған.

Олардың төлем құралдары тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған.

Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.

Күдіктілер түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып, ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыс төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен.

Дропперлік шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан.

Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, прокуратура 619 мыңнан астам дроппер шотын бұғаттап, қылмыстық жолмен алынған 2,6 млрд теңгеден астам қаражатқа тыйым салды.