Header Banner

Бас прокуратура мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты үндеу жариялады

Бас прокуратура мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты үндеу жариялады
Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратура мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қадалағау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, прокуратура органдары 29 қарашаға тағайындалған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асырып жатыр.

Прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісін анықтаған, оның ішінде 7 факт – үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізуге байланысты болған. Барлық кінәлі тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Қадағалау органы заңға сәйкес сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталатынына назар аударды. Яғни, сайлау алдындағы үгіт жүргізу 2026 жылғы 28 қарашада, сағат 00:00-де аяқталады. Дауыс беру күні және оның алдындағы күні, яғни 2026 жылғы 28 және 29 қарашада кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.

Бұл ретте сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс бұрын ілінген баспа үгіт материалдарын бұрынғы орындарында сақтауға болады. Сол сияқты Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын да бұрынғы орындарында сақтауға болады. Сонымен бірге, бұрын орналастырылған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.

Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото- және (немесе) бейнетүсірілімге түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.

«Заңның осы нормалары сақталмаған жағдайда үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізгені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды (жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).

Сонымен қатар Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейтінін түсіндіреміз», делінген хабарламада.

Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірді сұрауға тыйым салынады. Осы талаптарды бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу).

«Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының ережелерін қатаң сақтау қажеттігін қосымша еске саламыз, оған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі белгіленген.

Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып, өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылық көзделген. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы).

Сондай-ақ масс-медиада жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контентті таратуға жол берілмейтініне назар аударамыз, өйткені мұндай әрекеттер үшін олардың қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің
274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза көзделген», - делінген үндеуде.

ҚР Бас прокуратурасы заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушысын жоғарыда көрсетілген заңнамалық талаптарды қатаң сақтауға, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға және оларды жасаудан тартынуға шақырады.