Header Banner

Астанада алғаш рет голболдан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді

Бүгін, 10:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада алғаш рет голболдан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді
Фото: Қазақстан голбол федерациясы

29 қараша мен 4 желтоқсан аралығында елордада голболдан жастар арасында әлем чемпионаты (2026 IBSA Goalball World Youth Championships) өтеді. Астана аталған халықаралық доданы алғаш рет қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өтетін әлем біріншілігіне 16 елден 200-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Бразилия, Аустралия, Канада, Испания, Германия, Үндістан, Израиль, Корея Республикасы, Польша, Ресей, Швеция, Түркия, АҚШ, Аустрия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары бар.

Дүниежүзілік додада ерлер мен әйелдер командалары чемпиондық атақ үшін сынға түседі. Қатысушылар арасында Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері де бар. Қазақстан намысын ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары қорғайды.

Чемпионаттың құрметті қонағы – Халықаралық зағиптар спорты федерациясының (IBSA) бас хатшысы Руфат Гаджили (Rufat Hadjili).

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі 29 қараша күні сағат 16:30-да өтеді. 30 қараша мен 4 желтоқсан аралығында ойындар күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 4 желтоқсанда анықталады.

Айта кетейік, әлем чемпионаты Халықаралық зағиптар спорты федерациясының (IBSA) аясында ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Жарысты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қазақстан голбол федерациясы және «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.

Чемпионаттың ресми серіктестері – Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитеті және Astana Motors құрамына кіретін, брендтің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы Chery Kazakhstan.

Өтетін орны: Beeline Arena спорт кешені, Тұран даңғылы, 4/2.

Еске сала кетейік, астаналықтарға арналған тегін спорттық жоба басталады.