Header Banner

Ерлан Сыдықов: Президент Жолдауы құрылыс пен энергетиканың кадрлық әлеуетін нығайтады

Ерлан Сыдықов: Президент Жолдауы құрылыс пен энергетиканың кадрлық әлеуетін нығайтады
Фото: Ерлан Сыдықовтың жеке әлеуметтік желі парақшасынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері»  Жолдауында елдің инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және білікті мамандар даярлау мәселелеріне басымдық берілді. Бұл туралы ғалым-тарихшы, қоғам қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen-ге сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, экономикалық әлеуетті арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі реформалардың негізгі бағдарлары белгіленді.

Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысының әлеуметтік мәні зор. Салынатын әр мектеп, аурухана, жол, кітапхана мен спорт кешені білікті маманның білімі мен еңбегіне сүйенеді. Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетінде біз осы бағыттағы кәсіби кадрларды даярлаймыз. Студенттеріміз ғимараттар мен құрылыстарды жобалауды, құрылыс технологияларын, инженерлік жүйелер мен желілерді, цифрлық жобалауды меңгереді», – деді ғалым.

Оның айтуынша, құрылыс мамандарын даярлауда кәсіби біліммен қатар адам өміріне деген жауапкершілікті қалыптастыру да маңызды.

«Болашақ құрылысшыларға үнемі айтатынымыз: сіздердің жауапкершіліктеріңіз тұрғызған ғимараттың қабырғасымен шектелмейді. Сіздер тұрғындардың тұтас экожүйесін қалыптастырасыздар. Үйдің жылуы, судың үздіксіз келуі, баланың мектепке қауіпсіз жетуі, қоғамдық кеңістіктің қолайлылығы – бәрі инженерлік шешімнің сапасына байланысты. Кәсіби адалдық пен адам өміріне жауапкершілік студент кезден орнығуы керек.

Мұндай даярлықты халықаралық тәжірибемен ұштастырып келеміз. Құрылыс саласында Лейпциг қолданбалы ғылымдар университетімен, Гренобль Альпы университетімен білім беру бағдарламаларымыз бар. Біз үшін халықаралық әріптестіктің нәтижесі – түлектің озық инженерлік білімді Қазақстанның нақты міндеттерін шешуге қолдана алуы», – деп атап өтті Ерлан Сыдықов.

Сонымен қатар ректор энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне тоқталып, бұл бағытта білікті мамандар даярлаудың маңызын атап өтті.

«Жолдауда көтерілген энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де университет жұмысына тікелей қатысты. Жаңа өндірістерге, цифрлық экономикаға, өсіп келе жатқан қалаларға сенімді энергия қажет. Сондықтан энергетик мамандардың даярлығы елдің ұзақмерзімді дамуын айқындайды.

Бұл бағыттар еліміздің энергетикалық және ғылыми әлеуетін нығайтатын мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ғалымдарымыз сутегін өндіру мен сақтау технологияларын, қатты оксидті отын элементтеріне арналған материалдарды зерттейді. Энергия үнемдеу, жылу сорғылары арқылы өндірістегі қалдық жылуды қайта пайдалану бағыттарында да ғылыми жұмыстар бар. Осындай зерттеулер студенттің теориялық білімін нақты технологиялық міндетпен байланыстырады. Президент айқындаған міндеттер университеттерден білім сапасына, түлектің кәсіби дайындығына және ғылымның практикалық нәтижесіне жауап беруді талап етеді.

Біздің міндетіміз – елдің құрылысын жүргізетін, энергиясын өндіретін, инфрақұрылымын сенімді басқаратын, өз еңбегінің адамдар өміріне ықпалын түсінетін мамандар тәрбиелеу», – деп түйіндеді Ерлан Сыдықов.