Астанада «Кітап оқитын ұлт – зерделі ұлт» тақырыбындағы ІІІ республикалық оқушылар айтысы мәресіне жетті. Екі күнге созылған сөз додасында еліміздің әр өңірінен келген 20 жас ақын бақ сынап, үздіктері анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дәстүрлі өнер бәсекесін ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және ЕҰУ Филология факультеті бірлесіп ұйымдастырды.

10-18 жас аралығындағы жас айтыскерлер кітап оқу мәдениеті, ұлттық құндылықтар, адал азамат, әділетті қоғам, заң мен тәртіп, ұлт бірлігі, мектеп пен ұстаз мәртебесі секілді өзекті тақырыптарды жырға қосты.
Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлде Түркістан облысынан келген Иманәлі Рахымға бұйырды. Бірінші орынды Алматы қаласының өкілі Сыбанқұл Әдемі иеленді. Екінші орын Қостанай облысынан келген Рагат Нұрислам мен Ұлытау облысының ақыны Егеубай Гүлімге берілді. Ал үшінші орынға Шымкент қаласынан Махан Бақдәулет, Алматы облысынан Сәрсенбек Несібелі және Жамбыл облысынан Мирас Жамалбек лайық деп танылды.
Бұдан бөлек, арнайы номинациялар бойынша Қарағанды облысының ақыны Тоқтамұрат Раушан «Сөз зергері», Шымкент қаласының өкілі Аятулла Мәжид «Тапқыр ақын», Абай мектебінің шәкірті Құдияр Иманжүсіп «Жас талап» атанды. Абай облысынан келген Азамат Серіковке ақын Ринат Зайытовтың атынан Сиязбек атындағы арнайы жүлде табысталды.
Айта кетейік, Жоба аясында «Қола домбыра» оқушылар арасында, «Күміс домбыра» 30 жасқа дейінгі студенттер мен жас ақындар арасында, ал «Алтын домбыра» елге танылған айтыскерлер арасында өткізіледі. Биылғы «Алтын домбыра» аламаны 4-5 желтоқсан күндері елордада өтеді деп жоспарланған.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ







