Header Banner

Қарағандының тағы екі шағынауданына табиғи газ берілді

Бүгін, 16:36
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қарағандының тағы екі шағынауданына табиғи газ берілді
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандының «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарындағы алғашқы үйлерге табиғи газ берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Газ тарату желілерінің алтыншы іске қосу кешені пайдалануға берілгеннен кейін осы екі шағынаудандағы 5075 үйге газ қосуға мүмкіндік туды.

«Таугүл» шағынауданында табиғи газға алғашқылардың бірі болып Ұлберген Мәмбетованың үйі қосылды.

Отбасы газбен жылытудың артықшылығын бірден сезініп, газ плитасын да сынап көрді. Алғашқы ас мәзіріне үйдің сүйікті тағамы – мәнті дайындалды.

Бұған дейін отбасы бір жылыту маусымында үйді жылытуға 10–15 тонна көмір жұмсап келген. Ал тамақ әзірлеу үшін газ баллондарын пайдаланған.

«Күлді үнемі сыртқа шығарып отыратынбыз. Бұл бізге көп қолайсыздық туғызды. Өйткені үйдің температурасын да үнемі қадағалау қажет еді. Қазір пеш жақпаймыз, газды пайдаланамыз. Өте қолайлы, уақытты үнемдейді. Көптен күткен мүмкіндігімізге қол жеткіздік, қуаныштымыз», – дейді үй иесінің қызы Бибігүл Әбілханова.

«Күнгей» шағынауданындағы алғашқы тұрғын үй де табиғи газға қосылды. Енді екі шағынауданның басқа тұрғындары да газ тарату желілеріне қосыла алады.

Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиевтің айтуынша, алтыншы іске қосу кешені аясында тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 202 шақырымнан асады. Төрт газ реттеу пункті және шкаф үлгісіндегі 44 газ реттеу пункті орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, желілер беріктік пен герметикалылыққа қатысты қажетті сынақтардан өткен.

Табиғи газға көшу мүмкіндігі жеке тұрғын үйлердің иелеріне ғана емес, әлеуметтік нысандарға да беріліп отыр. Жоба аясында бір мектеп, бес балабақша, екі медициналық мекеме, мешіт, төрт спорт секциясы және 12 таунхаус кешені қамтылған.

Газбен жабдықтаушы ұйым алдағы уақытта осы екі шағынаудан тұрғындарынан газға қосылуға қатысты өтінімдер саны артады деп күтіп отыр.