Header Banner

Ескі кен орындарында мұнай өндірудің жаңа технологиялары сынақтан өткізіледі

Ескі кен орындарында мұнай өндірудің жаңа технологиялары сынақтан өткізіледі
Фото: Энергетика министрлігі

Ерлан Ақкенженов KERUI Group басшысымен мұнай беруді арттыру технологияларын енгізу және жабдық өндірісін Қазақстанда оқшаулау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап..

Қытайға жұмыс сапары аясында министр Ерлан Ақкенженов Shandong Kerui Group ірі халықаралық холдингінің Директорлар кеңесінің төрағасы Ян Сяньмен (Yang Xian) келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар жұмыс істемей тұрған ұңғымалардағы мұнай өндіруді қалпына келтіру және Қазақстанның игеру мерзімі ұзаққа созылған кен орындарында мұнай беруді арттырудың заманауи әдістерін енгізу бағытындағы технологиялық ынтымақтастық перспективасын талқылады.

KERUI Group басшылығы қабат суының келуін шектеу (ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету) және кен орындарының геологиялық ерекшелігін ескере отырып, мұнай өндіру қарқынын арттыруға арналған инженерлік шешімін таныстырды. Қытай тарапы технологияларды қазақстандық мамандарға бере отырып, бірлескен сервистік бригада құруды, сондай-ақ Қазақстан аумағында колтюбинг және қабатты гидравликалық жару жабдықтарын құрастыратын бірлескен кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Ерлан Ақкенженов игеру мерзімі ұзаққа созылған кен орындарын тиімді пайдалану мерзімін ұзарту және ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету отандық мұнай саласы үшін өзекті міндеттің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол технологиялардың тиімділігін алдымен тәжірибе жүзінде тексеру қажеттігін айтты.

«Ескі кен орындарымыз үшін ұңғымалардың сулану деңгейін төмендету және мұнай өндірудің тұрақты деңгейін сақтау мәселелері тікелей экономикалық маңызға ие. Сонымен бірге кез келген технологияның тиімділігі нақты кен орнының геологиялық жағдайында тәжірибе жүзінде дәлелденуі тиіс. Сондықтан жұмысты Қазақстандағы жекелеген учаскелерде пилоттық сынақтар өткізуден бастауды ұсынамыз. Олардың нақты нәтижелеріне қарай ынтымақтастықты кеңейту және жабдық өндірісін елімізде оқшаулау жобаларын қарастыруға болады», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Еске сала кетсек, Astana Hub Қазақстанның мұнай-газ саласын жаңғыртып жатыр.