Header Banner

Астанада жыл сайын 400 мыңға жуық адам АИТВ-ға тексеріледі

Астанада жыл сайын 400 мыңға жуық адам АИТВ-ға тексеріледі
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов пен АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Денис Панченко Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қарсаңында Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында инфекциясының алдын алу, тұрғындардың тексерілуіне жағдай жасау және ауруды бастапқы кезеңінде анықтау жұмыстары туралы айтып берді., деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Биыл қаңтар-қазан айларында Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың 295 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 жағдайға аз. Қазақстандық дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының есебіне сәйкес, 2026 жылы Астанада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың болжамды саны 3 800-ге жуықтайды.

Инфекцияны жұқтырудың басым бөлігі жыныстық қатынас арқылы таралады

Қалалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, жаңадан анықталған жағдайлардың 91,5%-ы жыныстық қатынас арқылы жұққан. Ал қан арқылы жұқтыру 1,5 есеге азайған. Жаңа жағдайдың 64,1%-ы ерлер арасында, 35,9%-ы әйелдер арасында анықталған. Жас ерекшелігіне қарай 20-39 жас аралығындағы азаматтар басым. Бұл топқа барлық жағдайдың 46,8%-ы тиесілі. Сондай-ақ АИТВ анықталған адамдардың 64,1%-дан астамы – жұмыс істейтін азаматтар.

Астанада жыл сайын 400 мыңға жуық адам АИТВ-ға тексеріледі

Елордада тұрғындардың АИТВ-ға тексерілуіне мүмкіндік жасалған. Жыл сайын шамамен 400 мың адам тексеруден өтеді. Биылғы он айда 379 644 адам АИТВ-ға тест тапсырған. Былтыр осы кезеңде 382 791 адам тексерілген.

Тексеруден өткендер саны жалпы халықтың 21,4%-ын құрады. Ал дәрігерлік көрсетілімдер бойынша тексерілуге тиіс азаматтарды қамту көрсеткіші 29,3%-ға жетті. Тапсырылған тестілердің 0,09%-ы оң нәтиже көрсеткен. Ауруды анықтау үшін төртінші буындағы тест-жүйелер қолданылады. Олар АИТВ-ға қарсы антиденелермен қатар, p24 антигенін де анықтайды. Бұл инфекцияны ертерек анықтап, науқасты емдеуге уақытылы жіберуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда АИТВ-ға қарсы ем тегін көрсетіледі

Қазіргі емдеу әдістері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға вирустың таралуын бақылауға, денсаулығын сақтауға және қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді. Ем диагноз қойылған бойда, аурудың қай сатыда екеніне қарамастан басталады. Емдеу амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Қазақстанда антиретровирустық терапия тегін беріледі.

Көпшілік азамат АИТВ-ға өз еркімен және құпия түрде тексеріле алады. Ал заңнамада белгіленген жекелеген санаттар үшін міндетті тексеру қарастырылған. Олардың қатарында ағза, тін және жыныс жасушаларының донорлары, гемодиализ қабылдайтын науқастар, жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестері, сондай-ақ инвазивті диагностикалық процедураларды жүргізетін медицина қызметкерлері бар.

Мамандар АИТВ-ға жылына кемінде бір рет тексерілуге кеңес береді. Инфекцияны ерте анықтау емді дер кезінде бастауға, вирустың таралу қаупін төмендетуге және денсаулықты сақтауға көмектеседі.

Елорда тұрғындары мен қонақтары Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығына жүгіне алады. Орталықтың сенім телефондары: 57-67-20, 38-07-02. Орталық Сарыарқа ауданында, І. Есенберлин көшесі, 5/1 мекенжайында орналасқан.