Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның 750-ге жуық сарбазы Отанға адал қызмет етуге ант берді. Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсімге 5 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның әр өңірінен шақырылған жас сарбаздар әскери ант қабылдағанға дейін бастапқы дайындықтан өтті. Олар әскери істің негіздерін меңгеріп, жарғы талаптарымен танысты және алдағы қызметіне қажетті дағдыларды игерді.
Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары, достары, ардагерлер мен құрметті қонақтар жиналды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Қазкеев жас сарбаздарды құттықтап, Республика күні қарсаңында әскери ант қабылдаудың ерекше мәні бар екенін атап өтті.

«Әскери ант қабылдау арқылы сіздер Ұлттық ұланның қатарына қосылып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, азаматтардың тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауға міндеттеме алдыңыздар. Алда сіздерді төзімділікті, тәртіпті және қызметке жауапкершілікпен қарауды талап ететін маңызды кезең күтіп тұр. Әрқайсыңыз бұл жолдан абыроймен өтіп, біліміңіз бен дағдыларыңызды жетілдіріп, жақсы жолдастар табатыныңызға сенімдімін», – деді генерал-майор.
Ата-аналар атынан сөз сөйлеген қатардағы жауынгер Нұрғиса Ердібаевтың анасы Зайнұр Ердібаева да жас ұландықтарға ақ тілегін арнады.
«Бүгін сіздерді өмірдің жаңа кезеңіне мақтанышпен шығарып салып, осындай таңдау жасағандарыңызға қуанып тұрмыз. Әскери қызмет сіздерді шыңдап, жауапкершіліктеріңізді арттырып, өздеріңізге деген сенімдеріңізді нығайтсын. Бір-біріңізді құрметтеп, қаруластарыңызға тірек болыңыздар. Отан қорғаушы деген атқа лайық қызмет етіңіздер. Сіздерді отбасыларңыз әрдайым қолдап, сенім артып, үйге аман-есен оралуларыңызды күтіп отырғанын ұмытпаңыздар», – деді ол.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар саптық жүріспен өтіп, әскери дайындықтарын көрсетті. Сондай-ақ Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қару-жарағындағы заманауи жауынгерлік техника таныстырылды.
Енді әскери ант қабылдаған сарбаздар Астанада қоғамдық тәртіпті күзетуге кіріседі. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шаралар кезінде тәртіп сақтауға қатысады.
Бұған дейін Ұлттық ұлан Академиясында дрон операторлары даярлана бастағанын жазған едік.





