5 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шамамен 249 мың үйді, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді аралап шықты. Тексеру нәтижесінде тіркеусіз тұруға қатысты тоғыз мыңға жуық дерек анықталды. 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция органдарына жеткізілді.
Полицейлер мүлікті қорғау және жеке қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ұсынымдары бар 223 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша халықпен сегіз мыңнан астам кездесу өткізіліп, оған 160 мыңға жуық азамат қатысты. Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі - тұрғындармен байланыс орнату. Арнайы QR код пен чаттар арқылы полицияға 2 693 өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Олардың әрқайсысы бойынша тиісті шара қабылданды.
Сонымен бірге профилактикалық есепте тұрған алты мыңға жуық адам тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Рейдтер барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты 3 883 деректі анықтады. 396 жасөспірім бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер ғана емес, белгіленген талаптарды бұзуға жол беретін ойын-сауық орындарының иелері де жауапты. Мысалы, Алматы қаласында тәртіп сақшылары дәмханада жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Мекеме иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар кафенің қызметі 10 тәулікке тоқтатылды.
«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.
Министрліктің мәлімдеуінше, тоғыз айда полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жерін анықтады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары іздеу жариялаған 1 031 күдікті ұсталды. Олардың қатарында Астана қаласында ұсталған 67 жастағы ер адам бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған. Іс материалдарына сәйкес 2018 жылы Қарағанды қаласында ол коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарды сату сылтауымен алып шығып, құны 401 млн теңгеден асатын мүлікті иемденген.
Іздестіру жұмысы басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарынан жасырынған адамдарға қатысты да жүргізілді. Қазақстан аумағында ТМД елдері мен алыс шет мемлекеттерде іздеу жарияланған 537 адам ұсталды. Мысалы, полицейлер Алматы қаласында 45 жастағы шетел азаматын ұстады. Ол 1,3 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 2023 жылы Бішкек қаласында ер адам Оңтүстік Кореядан косметика өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру сылтауымен жәбірленушінің ақшасын иемденген.
Еске сала кетсек, интернет алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың қаражатын қорғау және ұрланған ақшаның әрі қарай аударылуына жол бермеу мақсатында Антифрод орталық 5,5 млрд теңгені бұғаттады.