KGIR: Қазақстан бес елдің инвесторларымен келіссөз жүргізді

KGIR: Қазақстан бес елдің инвесторларымен келіссөз жүргізді
Фото: СІМ

Шымкентте өткен IX Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR) аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Аргентина, Непал, Норвегия, Түркия және Франция компанияларының өкілдерімен бес екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөздерге «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кінжақұлов та қатысты.

Түркиялық Şekerlisoy Holding холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры Онур Шекерлисоймен фармацевтика және денсаулық сақтау салаларындағы инвестициялық жобалар талқыланды.

Компания Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында дайын дәрілік препараттар мен белсенді фармацевтикалық субстанциялар өндіретін кешен құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында медициналық генетика зертханасын ашуды ұсынды. Тараптар инвестициялар туралы келісім жасасудың келесі қадамдарын қарастырды.

Непалдың CG Corp Global (Chaudhary Group) компаниялар тобының өкілдерімен Қазақстандағы қолданыстағы өндірісті кеңейту және жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктері сөз болды.

Аталған топ елімізде 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін «KAZAKH INVEST» компаниясының қолдауымен Түркістан облысындағы тез дайындалатын кеспе шығаратын зауытты сатып алып, жаңғыртқан.

Сондай-ақ Danone компаниясының Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша бас директорының орынбасары Азамат Ромазановпен және FoodMaster (Lactalis Kazakhstan) өкілімен кездесу өтті.

Келіссөздер барысында өндіріс пен логистиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жетілдіру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері қаралды.

Айта кетейік, Алматы облысындағы Danone зауыты – компанияның Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия өңіріндегі жалғыз өндіріс орны. Оның өнімдерінің шамамен үштен бірі өңір елдеріне экспортталады.

Норвегиялық Jotun компаниясының Түркиядағы бөлімшесінің экспорт жөніндегі директоры Шафак Караханмен Қазақстан нарығындағы қызметті кеңейту перспективалары талқыланды. Бояулар мен қорғаныш жабындарын өндіретін халықаралық компанияның әлемде 40 өндірістік алаңы бар және өнімдері 100-ден астам елде ұсынылған.

Ал Аргентина делегациясының құрамында Қазақстанның Буэнос-Айрестегі құрметті консулы, Аргентина – Қазақстан палатасының президенті Сантьяго Делука, сондай-ақ Clear Petroleum S.A., CPC S.A. және DFM Consultores S.A. компанияларының басшылары болды.

Тараптар аргентиналық бизнестің Қазақстандағы мұнай-газ сервистік қызметтері мен инфрақұрылымдық құрылыс жобаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесулер қорытындысында тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешу және кәсіпкерлік қызметтің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтті.

Бұған дейін Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталғаны хабарланған еді.