Ірі халықаралық криптоплатформа Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шықты

Ірі халықаралық криптоплатформа Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шықты
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Kraken халықаралық криптоплатформасының тең бас атқарушы директоры Дэвид Риплидің кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту перспективасын, заманауи қаржылық технологияларды енгізуді, реттеу тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық экономикасында халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндігін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн-технологияларды енгізуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тағы бір маңызды оқиға – Kraken компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алуы болды. Аталған құжат лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңінің бірі және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компанияның АХҚО-ның реттелетін юрисдикциясында қызметін бастауына алғышарт болмақ.

Мақұлдау ірі халықаралық криптоплатформаның бірі Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін растайды және елдегі цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндік ашады.

«Kraken сияқты ірі халықаралық компанияның Қазақстан нарығына шығуы отандық цифрлық активтер индустриясын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Біздің міндетіміз – халықаралық компаниялар озық технологиялық шешімдерді енгізе алатын, ал азаматтар мен бизнес заманауи қаржылық қызметтерге қол жеткізетін ашық, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз орта қалыптастыру.

Kraken компаниясымен меморандумға қол қою халықаралық тәжірибе алмасуға, блокчейн-технологияларды дамытуға және Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға қосымша мүмкіндік ашады», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

«Қазақстан цифрлық активтер индустриясын дамыту үшін елеулі әлеуетке ие екенін көрсетіп, нарықтың халықаралық қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда. AFSA-ның алдын ала мақұлдауын алу Payward (Kraken компаниясының бас компаниясы) компаниясының Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең болады.

Біз мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз және цифрлық активтердің қауіпсіз, ашық әрі инновациялық экожүйесін дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастыққа сенім артамыз», – деп атап өтті Payward (Kraken) компаниясының тең бас атқарушы директоры Дэвид Рипли.

Kraken – 2011 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі халықаралық криптоплатформаның бірі. Компания жеке және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметін ұсынады.

Еске салсақ, елімізде 700 млн долларлық ұлттық крипторезерв құрылды.