Ерекше баласы бар ата-аналардың қиындыққа қарамастан күліп жүретіні бізге күш береді – әлеуметтік қызметкер

Ерекше баласы бар ата-аналардың қиындыққа қарамастан күліп жүретіні бізге күш береді – әлеуметтік қызметкер
Фото: Зәуреш Осатаеваның жеке архивінен

Әр адамның өмірінде қолдауды керек ететін кездер болады. Ал ерекше қажеттілігі бар жандар мұндай қамқорлыққа күнде мұқтаж. Тәуліктегі тірлігінің өзі күреспен өтетін оларға мейірбандығы мен сабырлылығы үйлесім тапқан адамдар ғана көмек көрсете алар. «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Зәуреш Осатаеваны осындай үлкен жүректі адам десек, артық айтқанымыз болмас, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Зәуре Қордашқызының негізгі мамандығы - физика-математика пәні мұғалімі, 1990 жылы бастап Қорғалжын ауданы, Қарғалы ауылында еңбек жолын бастаған. Әйтсе де «адамдарға көмектессем» деген ықыласы тәжірибелі ұстазды осы әлеуметтік салаға жетелеп әкелді. Ол 13 жылдан бері ерекше балалармен жұмыс істеп келеді.

«Мектептегі тәжірибем әлеуметтік саладағы жұмысыммен ұштасты. Мектептегі жұмысымыз оқушының білім алуына, тәрбиесіне және ұжымдық қарым-қатынасына бағытталатын болса, әлеуметтік салада балалардың қабілетін дамытуға және дұрыс бағыт беруге көңіл бөлеміз. Әлеуметтік салада тек баламен ғана емес, олардың отбасымен де жұмыс істейміз. Әсіресе, қиын жағдайда тап болған, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасына психологиялық және тұрмыстық қолдау көрсету біз үшін өте маңызды.

Мектеп маған баламен жұмыс істеудің негізін үйретсе, әлеуметтік сала адамдарды жан-жақты түсінуге, олардың жеке мәселесіне қатысты жәрдем көрсетуге үйретті. Сондықтан қос саланы да бөліп-жарып қарай алмаймын, екеуі де менің өмірімдегі құнды тәжірибе болды», - дейді ол.  

Әлеуметтік қызметкердің әр күні баланың мүмкіндігіне қарай жоспарланады. Олардың үйіне аптасына үш рет, кейде төрт рет баруға тура келеді.

«Біз баланың өз-өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастыруға басымдық береміз. Мысалы, жеке бас гигиенасын сақтауына, киімін дұрыс киіп, шешіп орнына жинап қоюына, жалпы күнделікті қарапайым тапсырмаларды орындауына көмектесеміз. Әр баланың қабылдауы, түсінуі, мүмкіндігі әртүрлі болады гой. Сондықтан оларға әртүрлі жеке тәсіл қолданамыз.

Балалардың әлеуетін дамыту үшін түрлі ойын ойнатып, жаттығу жасатамыз. Қоғамға бейімделуі үшін мәдени іс-шараларға қатысуына ықпал етеміз. Әр бала - жеке әлем. Олардың әрқайсысының арманы мен қуанышы бар. Сеніммен қолдау көрсетсе, бәрі де өз мүмкіндігін аша алады деген ойдамын. Ал олардың әрбір жетістігі - біз үшін қуаныш. Мұндайда, әрине, ата-ананың қолдауы аса маңызды. Сондықтан олармен тығыз байланыс орнатып, балаға үй жағдайында қажетті қолдау көрсетуді түсіндіріп отырамыз», - дейді маман.

Өзі де үш баланы тәрбиелеп, өсірген ана әлеуметтік қызметкер болу - жай мамандық емес, әр адамға көмектесуге деген жүрек қалауы деп есептейді.  

«Ерекше балалармен жұмыс істеу - өте жауапты іс. Бұл мамандық маған сабырлы болуды, әр адамды түсінуге тырысуды және олардың кішкентай жетістігін бағалауды үйретті. Әлеуметтік салада адамның өміріне кішкентай болса да пайдаң тиіп, қолдау көрсете алатының маңызды. Сондықтан қиындығына қарамастан, жүрекке жақын. Ал басына осындай ауыртпалық түссе де, балаларын тәрбиелеп, күтім жасап отырған ата-аналардың еңсесін көтеріп, күліп жүруге тырысатыны маған үлкен күш береді», - дейді Зәуре Қордашқызы.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың күнделікті өміріне жеңілдік сыйлап, қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, олардың отбасыларына да осы жолда жан -жақты қолдау көрсетіп жүрген осындай жандар тұрғанда қоғамда мейірім өшпейтініне сенесің.