Данил Васильев жазғы Гран-приде үздік үштікке енді

Данил Васильев жазғы Гран-приде үздік үштікке енді
Фото: ҰОК

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрамасының өкілі Данил Васильев жазғы Гран-при сериясының жалпы есебінде үшінші орын алып, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарыстың қорытынды кезеңі Германияның Клингенталь қаласында өтті. Маусым нәтижесінде қазақстандық спортшы 201 ұпай жинап, жалпы есепте үздік үштіктен көрінді.

Гран-при сериясының жеңімпазы 450 ұпай жинаған жапониялық Наоки Накамура атанды. Екінші орынды аустриялық Даниэль Чофениг (216 ұпай) иеленсе, төртінші сатыға швейцариялық Грегор Дешванден (196 ұпай) жайғасты.

Данил Васильевтің жазғы Гран-при сериясының жалпы есебінде үшінші орын алуы Қазақстанның шаңғымен тұғырдан секіру спорты үшін тарихи жетістік болды.