25 қазан – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы тарихи қадамымен байланысты ерекше күн. Бұл күні Егемендік туралы Декларация қабылданды. Аталған құжат Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындаған маңызды саяси-құқықтық негіздердің бірі болды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов Республика күнінің тарихи маңызы туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Алғаш рет Декларацияда Қазақстанның аумақтық тұтастығын, мемлекеттік биліктің дербестігін, азаматтық және ұлттық мемлекеттіліктің маңызды қағидаларын бекітуге жол ашты. Ол кейінгі тәуелсіздікке бастайтын тарихи-саяси тұғыр болды. 25 қазан – Қазақстанның егемендікке ұмтылысын көрсететін маңызды күн әрі еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігінің тарихи бастауларын еске алатын ерекше күнге айналды.
Бұл күн жас ұрпақты ел тарихын құрметтеуге, Отанын сүюге, мемлекеттік құндылықтарды бағалауға тәрбиелейді. Тәуелсіздік бізге дайын күйінде келген жоқ. Оған халқымыздың талай буынының арманы, еңбегі мен күресі арқылы қол жеткізілді. Сондықтан әрбір азамат ел тәуелсіздігінің қадірін түсініп, Қазақстанның дамуына үлесін қосуы қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, Республика күні – өткенді еске алып қана қоймай, болашаққа көз жүгіртетін мереке. Бұл күн бізге мемлекеттіліктің, бірліктің, тұрақтылықтың және ел болашағына деген жауапкершіліктің маңызын түсіндіреді. Қазақстанның әрбір азаматы ел жетістігіне үлес қосып, оның болашағына сеніммен қарауы керек.