Әлібек Абдилов: Республика күні – ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін ерекше күн

Бүгін, 13:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Әлібек Абдилов: Республика күні – ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін ерекше күн
Фото: Әлібек Абдиловтың жеке мұрағаты

Республика күні – ел тарихына зер салып, бүгінгі Қазақстанның қандай жолдан өткенін ой елегінен өткізетін ерекше күн. Бұл туралы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі, майор Әлібек Абдилов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын, мемлекет алдындағы жауапкершілікті ойға салады. Республика күні – еліміздің егемендікке жасаған тарихи қадамын бағалап, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінетін мереке. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың артында талай буынның еңбегі, елге деген жанашырлығы мен жауапкершілігі жатыр», – дейді Әлібек Абдилов.

Оның айтуынша, Отанға қызмет ету – мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қойып, өз міндетіне адал болу. Әсіресе әскери қызметшілер үшін бұл ұғымның маңызы зор.

«Әскери қызметші үшін Отанға деген сүйіспеншілік сөзбен емес, күнделікті атқаратын қызметімен өлшенеді. Әскери антқа адал болу, жүктелген міндетті абыроймен орындау, қиын жағдайда жауапкершілік таныту – осының бәрі елге қызмет етудің көрінісі. Біз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосу арқылы мемлекетіміздің тыныштығын нығайтуға атсалысамыз», – деді майор.

Сондай-ақ ол тәуелсіз мемлекеттің дамуы әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесіне байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, ел болашағы үшін жауапкершілік сезіну, жас ұрпаққа үлгі болу және кейінгі буынға отансүйгіштік құндылықтарды жеткізу маңызды.

«Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту – баршамызға ортақ міндет. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның дамуына үлес қосса, еліміздің іргесі де берік болады. Республика күні әрқайсымызға осыны еске салып, туған жерге деген құрметімізді арттыра түседі», – деп түйіндеді Әлібек Абдилов.