Мал, жер, егін: Қазақстанда бірыңғай цифрлық жүйе әзірленіп жатыр

Мал, жер, егін: Қазақстанда бірыңғай цифрлық жүйе әзірленіп жатыр
Фото: видеодан скрин//t.me/quryltairesmi

Қазақстанда мал шаруашылығы, егіншілік, жер ресурстары және аграрлық секторды мемлекеттік қолдауға қатысты мәліметтерді біріктіретін «е-АӨК» бірыңғай цифрлық жүйесін 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл мәселе Құрылтайдың аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылтай депутаты Замира Кузиеваның айтуынша, жаңа жүйе Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолданыстағы бірнеше цифрлық платформасын біріктіруге тиіс. Олардың қатарында малды тіркеу, өсімдік шаруашылығы, жер ресурстары және топырақ жағдайына қатысты ақпараттық жүйелер бар.

«Цифрландырудың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сондықтан «е-АӨК» жүйесі деректерді жай ғана цифрландыру үшін емес, ең алдымен фермерлерге нақты пайда әкелу үшін енгізілуі керек. Ол шаруалардың жұмысын қалай жеңілдетеді, қандай жаңа мүмкіндіктер береді? Біз үшін маңыздысы осы», – деді депутат.

Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қолданыстағы ақпараттық платформалар мен оларды біріктіру жоспарлары туралы баяндаған.

Депутаттар жүйені енгізудің нақты мерзімдерін, оның тиімділігін бағалайтын көрсеткіштерді және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне беретін мүмкіндіктерін айқындау қажеттігін көтерді.

Замира Кузиева жаңа платформаның ауыл шаруашылығына қатысты шынайы статистика мен талдамалық деректерді қалыптастырудағы рөліне де назар аударды. Оның пікірінше, жүйе азық-түлік қауіпсіздігі мен стратегиялық қорлар туралы мәліметтерді қамтуы тиіс пе деген мәселе де нақты шешімін табуы қажет.

«Бағдарлама толық іске қосылғанда қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Министрлік қандай көрсеткіштерді орындауды жоспарлап отыр? Бізге нақты талдау мен сенімді статистика қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі, стратегиялық қорлар туралы деректер осы жүйеге біріктіріле ме? Қазір осы сұрақтарға жауап күтіп отырмыз», – деді ол.

Комитет отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданбақ. Ақпан айында ведомство өкілдері депутаттарға ұсыныстардың қайсысы қабылданғанын, қандай өзгерістер енгізілгенін және әзірлеу жұмыстарының барысын қайта таныстыруы жоспарланған.

Сонымен қатар депутаттар 2028 жылға қарай іске қосылуы көзделген жүйенің прототипін көрсетуді сұраған.

Замира Кузиеваның айтуынша, басты міндет – цифрлық платформаларды біріктірумен шектелмей, олардың фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының күнделікті жұмысына нақты көмегін тигізуін қамтамасыз ету.

Бұған дейін Астанада агроөнеркәсіптегі әйелдердің әлеуеті талқыланған еді.