Қызылорда облысының Шалқия ауылында алғашқы абоненттер жылдамдығы 100 Мбит/с құрайтын жоғары жылдамдықты интернетке қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖИ және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Шалқия ауылы - ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы шеңберінде интернет желісіне қосылған алғашқы елді мекен болды.
Бұл жоба ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамытуға және тұрғындарды үйлерінде жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Осының арқасында ауыл халқы мемлекеттік онлайн-қызметтерге, цифрлық білім беруге және бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады.
«Ауылдық жерлерде оптикалық желілерді дамыту - елдің барлық тұрғындары үшін цифрлық мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысымыздың маңызды бөлігі. Шалқия ауылындағы алғашқы үй шаруашылықтарын интернетке қосу - бұл жұмыстың іс жүзіндегі нәтижесі. Біздің мақсатымыз ауыл тұрғындары да қала тұрғындарымен бірдей жоғары жылдамдықты интернетті толыққанды пайдалана алуы», - деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
Жоба аясында 2026–2027 жылдары 1 123 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған. Нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығы немесе 2,3 миллионға жуық адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Жаңа оптикалық желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,8 мың шақырымды құрайды. Жобаға енгізілген елді мекендердегі үй шаруашылықтарының кемінде 80%-ін жоғары жылдамдықты инфрақұрылыммен қамту көзделген.
«Жоба шеңберінде Шалқия ауылындағы алғашқы үй шаруашылықтарының жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізгенін көру - үлкен қуаныш. Бұл - тұрғындардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды қадам. Ауылдық жерлерде сапалы әрі сенімді жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті дамыта отырып, біз цифрлық инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, білім беру, кәсіпкерлік, инновациялар мен экономикалық өсу үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Біздің түпкі мақсатымыз цифрлық теңсіздікті қысқарту және Қазақстанның барынша көп тұрғыны цифрлық экономикаға толыққанды қатысып, оның игіліктерін пайдалана алатындай жағдай жасау», - деп атап өтті жоба жетекшісі, Дүниежүзілік банк тобының цифрлық даму жөніндегі аға маманы Наталия Гельвановска-Гарсия.
Телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысы байланыс операторларының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін мемлекет расталған капиталды шығындардың 50%-ына дейінгі бөлігін қайтарымсыз үлестік гранттар түрінде өтейді. Ал операторлар ашық әрі тең шарттарды қамтамасыз ететін конкурс қорытындысы бойынша анықталады.
Аталған жобаны іске асыру ауылдық жерлерде сапалы байланысқа қолжетімділікті кеңейтіп, Қазақстан өңірлерін одан әрі цифрландыруға берік негіз қалайды.