Артық жүк, бұзылған жол: қазанда 643 заң бұзушылық анықталды

Бүгін, 16:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Артық жүк, бұзылған жол: қазанда 643 заң бұзушылық анықталды
Фото: видеодан скриншот/ Көлік министрлігі

Қазан айында көлік заңнамасын бұзудың 643 фактісі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

ҚР Көлік министрлігі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаевтың тапсырмасына сәйкес көліктік бақылау жұмыстарын күшейтті.

Негізгі мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын сақтау және көлік заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау.   

2026 жылғы 1–27 қазан аралығында Абай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында көліктік бақылауы бойынша іс-шаралар өткізілді.

Нәтижесінде 643 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында рұқсат етілген салмақ және габарит талаптарын бұзу, жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзу, сондай-ақ көлік заңнамасының басқа да талаптарын орындамау фактілері бар.

«Рұқсат етілген салмақтан артық жүк тасымалдау фактілерін анықтауға және жолын кесуге ерекше назар аударылады. Мұндай заң бұзушылықтар жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына және автомобиль жолдарының бүлінуіне әкеледі. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін», - делінген хабарламада. 

Көліктік бақылаудың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын сақтау.

Көлік министрлігі тасымалдаушылар мен тасымалдау процесіне қатысушыларды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Көліктік бақылау жұмыстарын күшейту «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін жыл соңына дейін 13 учаскеде орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе іске қосылғаны туралы жаздық.