Астанада патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген жүргізушіні анықтады.
Оқиға түнде ақылы тұрақ аумағында болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің назарына Lada маркалы автокөліктің жүргізушісі іліккен. Ол автокөлікпен қауіпті маневрлер жасап, жолдың жүріс бөлігінде дрифт орындаған.
Мұндай әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні тоқтатып, оған қатысты тиісті шаралар қабылдады. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Аталған факті бойынша 22 жастағы жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 630-бабы 1-бөлігі, 595-бабының 1-бөлігі және 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Елорда полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға, көлік басқару кезінде жауапкершілік танытуға және өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекет жасамауға шақырды.
Еске сала кетсек, Астанада түнгі уақытта отшашу атқан жігіт бес күнге қамауға алынды