Ақтөбе облысында ер адам бала күтіміне байланысты демалыста болған кезеңде есептелген алимент бойынша берешекті даулады. Жеке сот орындаушысы қарызды Қазақстандағы орташа жалақы негізінде есептеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарлауынша, ер адам 2024 жылдың ақпанынан бастап бала күтіміне байланысты демалыста болған. Бұл ретте жұмыс берушімен еңбек қатынастары тоқтатылмаған, ал жұмыс орны сақталған. Ол алиментті өзіне тағайындалған жәрдемақыдан төлеп отырған.
Алайда, жеке сот орындаушысы борышкердің табысы туралы мәлімет жоқ деп есептеп, берешекті есептеу кезінде Қазақстандағы орташа айлық жалақы көрсеткішін қолданған.
Ер адам қарызды қайта есептеуді сұраған, бірақ одан бас тартылған. Осыдан кейін ол сотқа жүгінді.
Іс материалдарын зерделеген сот жеке сот орындаушысы заң нормаларын дұрыс қолданбаған деген қорытындыға келді.
Сот берешекті елдегі орташа айлық жалақы негізінде есептеу тек борышкер іс жүзінде жұмыс істемеген және табысы болмаған жағдайда ғана мүмкін екенін түсіндірді.
«Бұл жағдайда талап қоюшы жұмыс орны сақтала отырып, бала күтіміне байланысты демалыста болғандықтан, жұмыссыз болып саналмайды. Сонымен қатар сот бала күтімі демалысы ата-ананы баланы асырау және алимент төлеу міндетінен босатпайтынын атап өтті. Алайда мұндай демалыстың өзі берешекті елдегі орташа жалақы бойынша есептеуге негіз бола алмайды», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот қайта есептеуден бас тартуды заңсыз деп танып, тиісті қаулының күшін жойды. Сондай-ақ жеке сот орындаушысына берешекті ер адамның бала күтімі демалысына шыққанға дейінгі орташа айлық жалақысы негізінде қайта есептеуді міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін жалақыдан ұсталған алиментті аудармаған жұмыс беруші жауапқа тартылғаны туралы жаздық.