Қазақстанда инвестициялық саясат қайта қаралады және орта кәсіпкерлікті қолдау күшейеді

Бүгін, 10:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда инвестициялық саясат қайта қаралады және орта кәсіпкерлікті қолдау күшейеді
Фото: magnific.com

Үкімет қолданыстағы инвестициялық саясатты қайта қарайды. Орталықтандырылған және цифрлық басқаруды енгізу, мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы функциялардың қайталануын болдырмау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету көзделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Шағын және орта бизнесті дамыту саласында жыл соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі. Құжат кәсіпорындарды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар бақылау жүйесін қайта жүктеу және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін үзіліс ретінде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады.

Еске сала кетейік, елімізде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған.