Астаналық оқушылар кітап оқу дәстүрін қалыптастырып келеді
Астанада оқушыларды кітап оқуға баулу және оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кітап талқысы өтті. Жиын барысында оқушылар оқыған шығармаларын талқылап, кітаптың өнегесі мен тәрбиелік маңызы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Кітап талқыға №104 жалпы орта білім беретін мектептің 6 «А» сынып оқушылары қатысып, жазғы демалыс кезінде оқыған қазақтың жыр-дастандарын талдады. Оқушылар «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» сияқты шығармалар бойынша өз ойларын ортаға салды.

Сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Бекболатқызының айтуынша, сыныпта кітап оқу жұмысы оқушылар 5-сыныпқа келгеннен бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Кітап оқуды балалар 5-сыныпқа келген кезде жүйелі түрде қолға алдық. Сынып жетекшісі ретінде балаларды ортақ мақсатқа біріктіру, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін кітап оқудың үлкен мүмкіндік екенін түсіндім. Бастапқы мақсатымыздың бірі – сыныпты тату, бір-біріне қолдау көрсететін үлкен отбасы ретінде қалыптастыру болды. Осы бастаманы ата-аналар да қолдап, балаларымен бірге кітап оқуға кірісті. Біз ай сайын кемінде бір кітап оқып, кейін оны бірге талқылауды дәстүрге айналдырдық. Өткен жылдың өзінде қазақ және әлем әдебиетінен көптеген шығармамен таныстық. Кітап арқылы балаларға XXI ғасырдың құндылықтарын, білімге құштарлықты, адамгершілікті, достықты және жауапкершілікті сіңіруге тырысамын. Мектепте кітап оқуға байланысты түрлі байқаулар өткізіліп, белсенді оқушылар мен жүлдегерлер анықталды. Бұл да балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырды. Биыл жазғы демалыс кезінде оқушыларға қазақтың бес жырын оқуды тапсырдым. Бүгін балалар сол шығармаларды талдап, өздерінің алған әсерлерімен бөлісті.
Мемлекет басшысының елімізді кітап оқитын ұлтқа айналдыру жөніндегі бастамасы біздің жұмысымызға да үлкен серпін берді. Біз сыныбымызбен түрлі кітап оқу марафондарына қатысып келеміз. Балаларды тек мектепте ғана емес, табиғат аясында да кітап оқуға баулуға тырысамын. Президенттік саябақта оқушылармен бірге ашық аспан астында кітап оқитын кездеріміз бар. Жылдың төрт мезгілінде де балалардың кітаппен байланысын үзбеуге тырысамын. Мен үшін ең маңыздысы – оқушының кітапты міндет ретінде емес, өзінің рухани қажеттілігі ретінде қабылдауы», – деді Гүлжазира Бекболатқызы.

Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы оқушылардың өзара қарым-қатынасына да әсер еткен. 6 «А» сыныбының оқушысы Алтынай Елдарқызының айтуынша, бастапқыда оқушылар кітапты көбіне жарыста жеңіске жету немесе сыйлық алу үшін оқыған. Кейін бұл әдет қызығушылыққа ұласқан.
«Алғашында сыныбымызбен кітапты көбіне сыйлық алу немесе жарыста жеңіске жету үшін оқитынбыз. Кейін біртіндеп кітап оқуға шын қызыға бастадық. Бір-бірімізбен жарыса отырып кітап оқитын болдық. Соның арқасында сыныбымыздың ынтымағы артып, бәріміз бір үлкен, тату отбасы сияқты болып кеттік. Ұстазымыз жазғы демалыста оқуға берген бес жырды толық аяқтап шықтым. Соның ішінде маған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры ерекше ұнады. Шығарманың оқиғасы мен кейіпкерлері үлкен әсер қалдырды. Осы уақытқа дейін 83 кітап оқып шықтым. Әр кітаптан өзіме жаңа ой, жаңа әсер аламын. Кітап оқыған сайын дүниетанымым кеңейіп, әртүрлі кейіпкерлердің тағдыры арқылы өмір туралы көп нәрсе түсінемін. Сондықтан қазір кітап оқу мен үшін жай ғана тапсырма емес, сүйікті ісіме айналды», – деді Алтынай Эльдарқызы.

Оқушылардың кітап оқуына ата-аналар да қолдау көрсетіп келеді. Оқушының анасы Әйгерім Ақылбекова баласының кітапқа деген қызығушылығы уақыт өте келе артқанын атап өтті.
«Қызымның ұстазымен алғаш таныстығымыздың өзі кітап оқу тақырыбынан басталды. Сол кезден бастап балаларды кітапқа баулу жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқанын байқадым. Қызым да біртіндеп кітап оқуға қызыға бастады. Алғашында мұғалімнің тапсырмасы ретінде оқыса, уақыт өте келе кітапты өз еркімен іздеп, қызығып оқитын болды. Кейін сыныптастарымен жарыса кітап оқу олардың қызығушылығын одан әрі арттырды. Ата-ана ретінде кітап оқудың балаға үлкен әсер еткенін байқадым. Балалардың ой-өрісі кеңейіп, ойлау қабілеті дамиды. Қызымның сабақ үлгеріміне де оң әсерін тигізді. Ең бастысы, қазақша сөйлеуі, қазақша ойлауы жақсарды. Сөздік қоры молайып, өз ойын еркін жеткізуге дағдылана бастады.
Балалардың кітапқа деген қызығушылығын көрген өзге достары да кітап оқуға ынталанды. Қазір қызым өзінің жеке кітапханасын қалыптастырып келеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Баланы кітапқа қызықтыру арқылы оның дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген құштарлығын арттыруға болады деп ойлаймын», – деді Айгерім Ақылбекова.


Жиын соңында оқушылар оқыған шығармалары бойынша пікір алмасып, кітап оқу тәжірибесімен бөлісті.
Еске салсақ, Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауында экологиялық акция өтті.